Үкімет маңызды бағдарламалар аясында жұмыс жасайтын кәсіпорындарды тексеруге мораторий жарияламақ

Бұл жайында Үкіметтің осы аптадағы отырысында мәлім болды. Отырыста биыл пайдалануға берілетін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралып біткесін, тұжырым жасаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бастамашы болған бұндай ұсынысты құптайтынын айтты. «Барлық бақылаушы және құқық қорғаушы органдар мұндай кәсіпорындардан қолдарын әрмен тартсын. Мен бұл идеяны қолдаймын және индустрияландыру мен бизнестің жол картасы бағдарламалары аясында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды кез-келген тексеруге мораторий жариялау мәселесін Мемлекет басшысының қарауына ұсынатын боламын», деді К. Мәсімов.
Үкіметтің бұл ұсынысына Президент қолдау білдірсе, экономиканың қозғаушы күші болып табылатын индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде жұмыс істейтін, экспортқа бағдарланған, өнімділігі жоғары әрі инновациялық кәсіпорындардың күні туды дей беріңіз. Оларды ендігәрі қандай да бір тексеруші, құқық қорғаушы органдар жөн-жосықсыз тексеріп, мезі қылмайды. Сөйтіп бизнеске ел игілігін еселеп, экономиканы одан әрі дамыту үшін кең көсіліп жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Жалпы мемлекеттің бизнесті қамқорлығына алып, қолдау көрсетіп жатқаны бір бұл емес. Бұған дейін де Қазақстанда шағын және орта бизнес субьектілерін тексеруге бірнеше мәрте мораторий жарияланған болатын. Бұл қадамның қиын-қыстау кезеңдерде әлеуметтің әл-ауқатын жақсартып, ел экономикасын одан әрі дамытуға әрі кәсіпкерліктің қанатын кеңге жаюына оң әсерін тигізгенін уақыт дәлелдеп берді. Осының әсерінен бизнес өндіретін өнімдердің мемлекетің ішкі жалпы өніміндегі үлесі еселеп болмаса да, біртіндеп артып келеді. Ал енді еліміз экономиканы мұнай мен газға тәуелділіктен арылтып, балама экономика құруға, яғни индустриялық дамуға қадам басып жатқан қазіргі кезеңде мораторий жариялау туралы бастаманы «құланның қасуына, мылтықтың басуы» дөп келіп тұрғандай деп бағалауға болатындай. Себебі, тек ағымдағы жылдың өзінде индустрияландыру бағдарламасы аясында жалпы жиынтығы 5 млрд. долларды құрайтын 140-тан астам жобаны аяқтау көзделіп отыр. Бұнымен бір мезгілде құны - 46 млрд. доллар болатын 47 нысанды іске қосу жұмыстары басталып кетті. Бұлардың аясында мыңдаған жұмыс орындары құрылатын болады. Ал атан түйеге жүк боларлықтай мұндай жұмысты жүйелі жүргізіп, іске асыруда негізгі салмақ - сайып келгенде кәсіпорындарға түсетінін ескерсек, онда Үкіметтің ел экономикасы үшін маңызы зор бағдарламаларға енгізілген кәсіпорындарды тексеруге мораторий жариялау туралы бастамасы қолдауға тұрарлық. Бұны бизнестік қоғамдастық та ризашылықпен қабыл алуда.
Индустрияландыруды басқару орталығы құрылады
Тағы бір атап өтерлігі, Үкімет елімізде индустрияландыруды басқару орталығын құратын болады. Бұл орталық индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға мониторинг жүргізбек. Бұған қоса, ол тек жобалармен ғана емес, сонымен қатар Үкімет жанындағы Бірыңғай үйлестіруші кеңестің қағидаттары бойынша жұмыс істемек. Яғни, инвестицияның, инновацияның, инфрақұрылымның барлық мәселелері бизнестің өкілдерімен бірге осы орталықта пысықталатын болады. Бұндай орталық құру туралы бастамаға қолдау білдірген Премьер-Министр К. Мәсімов дүйсенбідегі жиында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне Үкіметке он күн мерзім ішінде индустрияландыруды басқару орталығын құру туралы қаулының жобасын енгізуді және оны мүдделі мемлекеттік органдарға тездетіп келісуді тапсырды.
Ендігі бір айтатын дүние, кез-келген бағдарламаның ұтымды орындалуы үшін қаржы қажет. Ә. Исекешевтің айтуынша, алдын-ала есеп-қисаптар Үдемелі индустриялық-инновациялық даму туралы бағдарлама аясында алдағы төрт жылда шикізаттық емес секторға кем дегенде 30 млрд. АҚШ долларын тартуға болатынын және тарту қажеттігін көрсетіп берген. Бұл ретте Вице-Премьер шикізаттық емес секторға шетелдік инвестицияларды тартудың әлеуеті әлі сарқылмағанын алдыға тартты. «Шетелдік инвестициялар өте маңызды. Себебі, ақшамен бірге озық техникалар мен менеджмент келеді, сондай-ақ рыноктар ашылады», деді ол. Өз кезегінде Үкімет басшысы бұл мәселені де жүйелі шешу қажеттігін назар аудартты. «Бір айдың ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп шетелдік инвестицияларды тарту, ғылыми және инновациялық жобаларды қолдау бойынша нақты әрі мақсатты көрсеткіштерді бекіту жөніндегі ұсыныс енгізуді тапсырамын», деді К. Мәсімов дүйсенбідегі жиында.
Қыстан қысылмай шығуға тиіспіз
Үкіметтің осы аптадағы отырысында қаралған тағы бір мәселе - республикамыздағы әлеуметтік нысандардың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы. ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің деректері бойынша, Қазақстанда қазіргі уақытта жылыту маусымына дайындықтың орташа деңгейі 82 пайызды құрап отыр. «Ағымдағы жылғы қыркүйектің 13-і жағдай бойынша, жылыту маусымына 3 мың 947 қазандықты дайындау жұмысы аяқталды, бұл республика бойынша орта есеппен алғанда 98 пайызды құрайды», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы қазандықтар қысқа толық дайындалып бітті. Ал Жамбыл, Маңғыстау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында қазандықтар дайындалып бітіп қалды.
Жалпы жылыту маусымына дайындалу барысында жоспарланған жылу трассаларының 97 пайызы, сумен жабдықтау желілерінің 91 пайызы жөнделіп біткен. «Елімізде жылыту маусымына дайындалу үшін 716 шақырым жылу трассаларын жөндеу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнде оның 692 шақырымы жөнделіп бітті, бұл жоспардың 97 пайызын құрайды. Жөндеуден өткізу жоспарланған 1805 сумен жабдықтау және су бұрғыш желілерінің бүгінгі күнде іс жүзінде 91 пайызы немесе жоспарланған көрсеткіштің 1649 шақырымы жөнделіп бітті», деді С. Нокин. Бұларға қоса, жылыту маусымын бірқалыпты өткізу үшін 33 мың шақырым электр желілерін жөндеу қажет болса, қыркүйектің 10-дағы жағдай бойынша 25,6 мың шақырым электр желілері жөнделген, бұл жоспардың 77 пайызын құрайды.
Еліміздің электр стансыларында көмірдің де қоры жеткілікті. Бүгінде аталмыш орындарда 3,5 млн. тонна көмірдің қоры жиналған, бұл өткен жылдың деңгейінен 13 пайызға жоғары. Сонымен қатар, қазіргі уақытта 1 млн. тоннадан астам мазуттың қоры жиналған. Алайда мазутты дайындауда кестеден аздап қалып қоюшылық бар, оның қоры өткен жылдың деңгейінен сәл төмен. Алайда, отынның бұл түрін жеткізу бекітілген кестеге сәйкес осы жылғы қазанның 1-інде басталатындықтан, жауапты органдар бұл қалып қоюшылықты қуып жетуді жоспарланып отыр.
Дейтұрғанмен де бұл айтылғандарға қарап республикамыз бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық барысында кемшіліктер жоқ деп айтуға болмайды. Мәселен, қазандықтарды жылыту маусымына дайындауда Қызылорда облысында және Астана қаласындағы жұмыстар орташа республикалық деңгейден төмен. Ал жылу трассаларын жөндеу жұмыстарының қарқыны Солтүстік Қазақстан облысында көңіл көншітпейді. Осы облыста сумен жабдықтау және су бұрғыш желілерін жөндеуде кестеден қалып қоюшылық бар, олардың 75 пайызы ғана жөнделіп біткен. Электр желілерін жөндеу бойынша жұмыстар Батыс Қазақстан (71 пайыз), Қызылорда (62 пайыз) және Оңтүстік Қазақстан (68 пайыз) облыстарында республикалық деңгейден төмен. Қыс қырдың астында тұрғанын ескерсек, өңірлердегі жергілікті биліктің арқаны кеңге салатын уақыты жоқтығын, қыстан қысылмай шығу үшін әлі де қыруар жұмыстарды атқару қажеттігін көреміз. Үкімет басшысы облыс әкімдеріне алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық барысында жіберілген кемшіліктерді түзетіп, шұғыл шараларды қабылдауды тапсырды. «Қыс түсетін мезгіл де жақындап қалды, таяу күндері қар жауады. Сондықтан жағдайды жіті қадағалаңыздар. Біз келіскенбіз, жылыту маусымына дайындалу барысында кемшіліктер кететін болса, ешкім ренжімесін», деді әкімдерге К. Мәсімов.
Бюджетке енгізілген түзетулер таныстырылды
Осы сейсенбіде ҚР Парламенті Мәжілісінде «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, жалпы республикалық бюджеттің нақтыланған өлшемдері бойынша түсімдер - 3 трлн. 517,8 млрд. теңге, шығыстар - 4 трлн. 321,4 млрд. теңге, тапшылық - 803,6 млрд. теңгені құрайды деп болжануда. 269,5 млрд. теңге сомасында қосымша түсімдер мен босатылатын қаражатты бірқатар басым бағыттарға бөлу қарастырылуда. Атап айтқанда, бюджет жобасына сәйкес, 2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру және өткізу іс-шараларын аяқтауға, Астана қаласының инвестициялық жобаларын іске асыруға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, үлескерлердің проблемаларын шешуге, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бюджет қаражаты қарастырылады. Ал Мәжілістің қаржы және бюджет комитеті «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына қазанның 23-іне дейін қорытынды жасайтын болады.