Үкімет Мемлекет басшысының 2010 жылы жүктеген міндеттерін толығымен орындады

Үкімет мүшелері мен облыс әкімдері түгел қатысқан жиында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов 2010 жылы еліміздің Ішкі жалпы өнімі 7 пайызды құрағанын мәлімдеді. «2010 жылдың алдын-ала қорытындысы айрықша ынталандырады. Жалпы айтқанда, өткен жылы жақсы жұмыстар атқарылды.
Болжамды бағалау бойынша елімізде Ішкі жалпы өнім 7 пайызға өсті. Яғни, Елбасы қойған мақсат-міндеттер орындалды», - деді Үкімет басшысы.
К. Мәсімов келтірген деректерге сүйенсек, былтыр өнеркәсіп өндірісі -10, ауыл шаруашылығы - 88,3, құрылыс - 101, сауда - 112, көлік саласы - 7,4, байланыс 5 пайызға өсім көрсеткен. Еліміздегі инфляция деңгейі де белгіленген дәлізден аса ауытқымай 7,8 пайызды құрады.
Дейтұрғанмен, Барыс жылындағы табыстарымыз Қоян жылында да жұғысты болуы үшін әлі қыруар жұмыстарды атқаруға тура келеді. Бұл ретте ең алдымен «азық-түлік тауарлары бағасының басқа шауып, төске өрлемеуіне» күш салу қажет болып тұр. Бұлай дейтініміз, Үкімет отырысында сөз алған ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев Жаңа жыл табалдырығымыздан аттар-аттамастан еліміздің бірқатар қалаларында ет-сүт өнімдерінің бағасы алыпсатарлық жолмен көтерілгендігін айтты.
Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, Жаңа жыл жақындағанда-ақ кейбір өңірлерде, әсіресе Астана, Алматы, Өскемен қалаларында жекелеген азық түрлерінің, атап айтқанда ет пен сүт өнімдері бағасының күрт көтерілгендігі тіркелген. Мәселен, жаңажылдық мереке қарсаңындағы 5 күнде базарлардағы сиыр еті бағасының 750-ден 1300 теңгеге дейін шарықтап шыға келген. Ардан ақшаны артық көретін алыпсатар қарақан бастарының қамын ойлап, жаймадағы етіне екі түрлі баға ұсынып, алушы тұрмақ тексерушінің өзін алдап соққан. «Ет бағасының алыпсатарлық жолмен көтерілуі салық қызметі мен жергілікті полиция қызметкерлерінің әкімдіктермен бірлесіп байсалды түрде тексеру амалдарын жүргізуді қажет етеді. Бұл шындығында алыпсатарлық қылмыс», - дейді М. Есенбаев. Дегенмен, белгілі болғанындай жергілікті әкімдіктер бағаның қымбаттамауына жол бермеу бағытында нақты іс-шараларды жүзеге асыра бастаған.
М. Есенбаев назар аудартқан тағы бір мәселе - нан бағасына қатысты болды. Жаз айларында оңтүстік өңірде нан бағасы негізсіз көтеріліп, биліктің «қыл бұрау» салуымен қалпына келтірілгені мәлім. Соны нан пісірушілер естен шығарып алған сияқты. Өзім білемдікке салынған «сөз байласушылар» біраз өңірде қайтадан нан бағасын көтеріп жіберген. «Біз өткен жылдың астығынан дайындалған нан бағасын стандартты бөлке үшін 41-43 теңгеден асырмауға келістік. Кей өңірлерде нан бағасы 60 теңгеден асып жығылады», - деген М.Есенбаев олардың алға тартып отырған себептерін де атап өтті. Нан пісірушілер нан бағасының қымбаттау себебіне «тұрақтандыру қорынан астық кеш жеткізіледі әрі астық жеткізу логистикасы дұрыс анықталмаған» деген уәжді алға тартып отырса керек. Ең қызығы, кәсіпкерлер тұрақтандыру қорындағы астықтың сапасы алыпсатарлар жеткізетін астықтың сапасына қарағанда нашар деп санайды екен.
Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың атап өтуінше, биылғы жылғы астық көлемі елдің нанға деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге және экспорттық нарықтарға астық тасымалдауға толық жеткілікті. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республикада 9,3 млн. астық бар. Оның 2,6 млн. тоннасы бекітілген меморандумдар аясында белгіленген бағамен сатылатын тұрақтандыру қорының астығы.
Өткен жылдың көктемінде бағасы шарықтаған өсімдік майының да, күзде құны көтерілген қарақұмықтың да қазіргі қоры халықтың іс жүзіндегі тұтыну көлемін есепке алғанда жаңа өнім жиналғанға дейін толығымен жетеді. Жалпы, аталған өнімдердің ішкі нарықта жетіспеушілігінің қордалануына жол бермеу мақсатында Үкіметтің 2010 жылдың қазанынан бастап 2011 жылдың сәуіріне дейін бұл өнімдерді республика аумағынан тысқары шығаруға уақытша шектеу қойғандығы оң әсер еткен. Қазіргі уақытта еліміздің кәсіпорындары мен сауда орталықтарының қоймаларында 20 мың тоннадан астам өсімдік майы мен 5,2 мың тонна қарақұмық қоры бар. Сонымен қатар әкімдіктердің алдын-ала мәліметтеріне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтардың қорын есепке алмағанда жеміс, көкөніс сақтау қоймаларында және ірі сауда желілерінің қоймаларында шамамен 900 мың тонна картоп, 150 мың тонна сәбіз, сондай-ақ 100 мың тонна пияз сақтаулы. «Осы жемістің және көкөністің қоры жаңа өнім алғанға дейін халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өткен А. Күрішбаев мал шаруашылығына ойысып, бұл саладағы өнімдердің бағасын тұрақтандыру мақсатында Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылданғанын жеткізді.
Оның атап өтуінше, өткен жылғы құрғақшылықтың кері әсері ескеріліп, мал азығы үшін және ірі қара малдың аналық басын сақтау үшін еліміздің 8 облысының ауылшаруашылық құрылымдарына жалпы көлемі 3,2 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінді. Құс шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекеттік жемазық қорынан 43 мың тонна арпа бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл шаралардың бәрі мал шаруашылығы саласының тұрақтылығын сақтауға септігін тигізгенін айтқан министр: «Осыған қоса ағымдағы жылы құстан алынатын өнімдерді субсидиялау нормативтерін 2 есеге ұлғайту керек», - деді.
Өз кезегінде Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау жылыту маусымына қатысты деректерді жария етіп, бірқатар кемшіліктерді де жіпке тізіп шықты. Энергия көздеріндегі көмірдің қоры - 3,4 млн., ал мазуттың қоры - 116 мың тоннадан асатындығын айтқан ол: «Алайда, кейбір өңірлерде өткен жылға қарағанда көмірдің қоры төменірек. Атап айтқанда ШҚО-да - 125,2 мың тоннаға аз, СҚО-да -65,2 мың тоннаға төмен, сондай-ақ Алматы энергия желісінде -72,2 мың тоннаға, Талдықорған энергия желісінде - 10,9 мың тоннаға аз», - деді.
Вице-министрдің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысындағы « Риддер ЖЭО» АҚ-да көмірдің қоры 5 тәулікке ғана жеткілікті. Мұнымен қоса, осы өңірдегі «АЕS Согрин ЖЭО" ЖШС-дағы көмірдің қоры 7 тәулікке ғана жеткілікті. Ал петропавлдық ЖЭО-2-де көмірдің қоры 8 тәулікке жететін мөлшерде ғана қамтылған. Дегенмен еліміздегі барлық өңірлер электр энергиясымен және орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жүйесімен тұрақты түрде қамтамасыз етілген. Алайда жылу беру маусымы басталғаннан бері жылу беру көздері тарапынан жылу тасымалдаудың сапалы көрсеткіштері кей жағдайда сақталмай отырған өкінішті. Оның ішінде жылуды тиісті деңгейде бермеу, сондай-ақ температура режімдерін дұрыс сақтамау фактілері қысы қатал Өскемен, Қостанай, Ақтөбе, Көкшетау қалаларында орын алып отыр.
«Приозерск қаласындағы 14 үйге әлі жылу берілген жоқ», - деп дабыл қақты ҚР Құрылыс және тұрғын үй-шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин. Оның айтуынша, 4 қаңтардан бері Қарағанды облысына қарасты Приозерск қаласындағы жылыту қазандығының бұзылуына байланысты тұрғындар қиындыққа душар болып отыр. Пәтерлердегі температура 14-16 градустан аспайды. Облыс әкімдігі қалаға қосымша адами және материалдық ресурстар тартып, апат жойылған. «Дегенмен, әлі де 14 үйге жылу берілген жоқ», - деді ол.
Осы аралықта бейнебайланысқа шыққан Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов үйлер 1-2 күннің ішінде толығымен жылыту жүйесіне қосылатындығын айтып сендіруге тырысты. Облыс басшысының айтуына қарағанда, қалада орын алған төтенше жағдайға объективті және субъективті факторлар әсер еткен. Атап айтқанда, соңғы 20 жылдың ішінде қала қазіргі 27-28 градустық аязды бастан өткермеген. Аталған аралықтағы орташа ауа температурасы 18 градусты құраған екен. Ал Жаңа жылдан кейінгі жайсыз күндері күндіз ауа температурасы 27-28 градусқа жетіп, соның салдарына жылыту қазандығының бірқатар құрал-жабдығы істен шыққан. Аталған көмекші құрал-жабдықтар орталықтандырылған жылу тарату жүйесінің қызметін теңгерімдеуге маңызды рөл атқарған. Осы орайда орамішілік магистральдық желілер істен шыққан. «Сондықтан үй-ішілік жылыту жүйесін аязды күндері қатырып алмау үшін негізгі үйлердегі жылыту құбырынан суды ағызу шарасын қолдануға тура келді. Қазіргі күні 55 үйдің 36-сы жылумен жабдықтау жүйесіне қосылды», - деді С. Ахметов.
Өткен жұмада Семейде түтін сорғыш картердің бұзылуы салдарынан № 6, 7 қазандықтардың жұмысы тоқтатылып, ал № 1 қазандық үзіліспен жұмыс істеген болатын. Осы мәселеге бейнебайланыс арқылы түсінік берген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың сөзіне қарағанда, апат қаланы жылумен қамтамасыз ететін қазандықтарының тозығы жетуі салдарынан болып отыр. Жаңа деп саналатын қазандықтардың өзі осыдан 70 жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған. Сонымен қатар қазандық Кузбас көмірімен жұмыс істеуге негізделген. Ал қазіргі уақытта ол Қаражал көмірін пайдалануда. «Семей проблемасын шешу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу қажет», - деп атап өткен облыс басшысы ол сома шамамен 7 млрд теңгені құрайтынын айтты. Өз кезегінде бірнеше облысты басқарған тәжірибелі әкімнен бұндай ағаттықты күтпегенін жасырмаған Үкімет басшысы: «Әсет Өрентайұлы, Сізге комиссия құруды және болған оқиғаны анықтауды тапсырамын, маған ұсыныс енгізіңіз. Мен бұл мәселеге жауапты адамға жаза қолданамын. Бұл мәселені түбегейлі шешу қажет. Өйткені адамдар үшін Кузбас немесе Қаражал көмірінің еш айырмасы жоқ. Оларға ең бастысы - үйлерінің жылы болғаны», - деді.
Қоян жылындағы Үкіметтің алғашқы отырысында өңірлер басшыларының да есебін жіті тыңдаған Премьер-Министр оларға күн тәртібінде қаралған мәселер бойынша нақты тапсырмаларды жүктей келіп: «2011 жылы ең басты мәселе - азық-түлік бағаларын тұрақтандыру, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері бағасының қымбаттауына жол бермеу болып табылады», - деп түйіндеді.
***
Осы аптада Үкімет басшысының қатысуымен ҚР Көлік және коммуникация, Байланыс және ақпарат, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Ұлттық ғарыш, Табиғи монополияларды реттеу, Бәсекелестікті қорғау, Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істер агенттіктерінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның 2010 жылдың қорытындысына және ағымдағы жылғы міндеттеріне арналған алқа мәжілістері өтті. Мемлекеттік мекемелердің 2010 жылғы жұмыс нәтижелеріне оң баға берген Премьер-Министр алдағы кезеңге арналған олардың қызмет бағыттарын да айқындап берді.
***
Осы аптада ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда талқылап, құжатты қабылдады. Енді Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына Мемлекет басшысы қол қояды немесе Президент онда қарастырылған түзетулерді жалпыхалықтық референдумға жолдайды. Ал референдум мерзімін тағайындау мәселесіне заң жүзінде шектеу қойылмаған.
Сонымен, Ата Заңымызға қандай өзгертулер енгізіліп отыр? Парламенттің бір топ депутаттары тәуелсіз мемлекетті қалыптастырушы әрі құрушы ретінде Н. Назарбаевтың тарихи рөлі мен миссиясын сезіне отырып, республикалық референдумда ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының президенттік өкілеттіктерін ұзартуды қарастыратын ҚР Конституциясының 5 бабы 42-тармағына өзгерістер енгізді. Бұдан бөлек, заңға сәйкес Конституцияның 46-бабы, 4-тармағындағы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті-» деген сөздерден кейін «-Елбасы» деген сөзбен толықтырылды. Заң жобасын жиынға қатысып отырған Сенаттың 44 депутаты мен Мәжілістің 106 депутаты бірауыздан қолдады. Бұл жөнінде Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов : «Біз шын мәнінде тарихи заң қабылдадық. Бұл бүгінгі Президентіміз-Елбасы Н. Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдум өткізу үшін нақты Конституциялық негіз болып табылмақ. Осылайша, республикалық референдумды өткізуді қолдаған 5 миллионнан астам қазақстандықтардың ерік-жігерін іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер қамтамасыз етілетін болады»,- деп атап көрсетті.