Үкімет мемлекет пен қоғамның және барлық деңгейдегі жұмыс берушілер арасындағы диалогқа әрқашан дайын - Премьер-Министр
Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты ІІІ халықаралық форум қатысушыларына арнап жолдаған құттықтауында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов айтты.
«Бізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың нақты іс-қимыл жоспары бар. Олардың барлығы Елбасы бекіткен білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында айқындалған. Біз оқу орындардың, салалық қауымдастықтардың, бизнес пен инвесторлардың арасындағы тиімді қарым-қатынасты орнатпай, бірлескен жоспарларымызды іске асыра алмаймыз», - деді ол.
Кәрім Мәсімов атап көрсеткендей, Үкімет мемлекет пен қоғамның және барлық деңгейдегі жұмыс берушілердің күш-қуатын ортақ мақсатқа біріктіру үшін диалогқа әрқашан дайын.
«Мұндай диалогтың жемісті жүруі үшін де «Кәсіпқор» холдингін құрдық. Бұл орайда, біз техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне бизнестің қатысуымен корпоративтік басқарудың үлгісін, жаңа халықаралық стандарттарды енгізетін боламыз», - деп түйіндеді Үкімет басшысы.