17:31, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет мемлекеттік сатып алуларда ұлттық тауарлар мен қызметтердің бар болуын анықтайтын әдістемені бекітеді ? Б.Жәмішев
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ертең ҚР Үкіметі мемлекеттік сатып алуларда ұлттық тауарлар мен қызметтердің бар болуын анықтайтын әдістемені бекітетін болады.
Бұл туралы бүгін өткен Қазақстандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілердің жалпыұлттық форумында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мемлекеттік сатып алулар» туралы Заңға алғаш рет ұлттық тауарлар мен қызметтер туралы норма енгізілгелі отыр. Ертеңгі Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алуларда ұлттық тауарлар мен қызметтердің бар болуын анықтайтын әдістеме бекітілетін болады. Заңға отандық тауар өндірушілерге 20 пайызға дейін, отандық жұмыс пен қызмет көрсетушілерге 15 пайызға дейін жеңілдіктер беруді қарастыратын норма енгізіліп отыр», - деді ол. Сондай-ақ Қаржы министрі электронды мемлекеттік сатып алуларға тоқталып өтіп, бүгін электронды мемлекеттік сатып алулар жүйесінде 342 қатысушы тіркелгендігін мәлім етті. Оның 166 ? сатып алуларды ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілер, 176 - әлеуетті жеткізушілер болса, 25-і электронды мемлекеттік сатып алуларды тәжірибеде жүзеге асырып жатыр. Б.Жәмішев аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін айтарлықтай күш-жігер қажеттігін атап өтіп, бизнес бұл үрдістерге қатысуға мүмкіндік алу үшін алдымен электронды сандық қолтаңбаға ие болуы тиістігін жеткізді. Министрдің айтуынша, электронды қолтаңбаны Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан 5 күн ішінде алуға болады.