Үкімет отырысында еліміздегі мәдениет обьектілерін дамыту мәселелері талқыланды
Бүгінгі таңда елімізде 7853 мәдениет ұйымы бар екен. Оның ішінде - 64 театр, 4118 кітапхана, 238 музей, 39 концерт ұйымы, 94 кинотеатр, 3 296 мәдени ұйым мен ойын-сауық саябағы, 4 цирк болса, 38 ұйым республикалық маңызы бар мәртебеге ие. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы республикалық мәдениет мекемелерінің қызметін жүйелендіру бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.
Қазірде мемлекеттік мәдени мекемелердің ең төменгі мемлекеттік нормативтері мен типтік штаттары бекітілген. Мәдениет туралы заңға түзетулерге сәйкес, мәдениет ұйымдарын құру, тарату мен қайта құру мәселелері тек министрліктің келісімі арқылы шешіледі. Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу тәртібін реттейтін норма әзірленуде, мұндай әдебиеттер Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия деңгейінде, қаламақы төлеуді ескерумен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, 2020 жылға дейін туристік саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленуде. Жобаны іске асыру өз кезегінде, әртүрлі шеш мемлекеттерден елімізде келетін туристер санын арттырып, аталған саладағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік береді.
Тарихи және мәдени мұраларды сақтау, сондай-ақ, ішкі және сыртқы туризмді дамыту мәселелеріне тоқтала келе, министр барлық республикалық музейлер мен қорық музейлері республикалық мемлекеттік мекеме мәртебесінен мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға ауысқанын еске салды. Бұл оларға ақылы қызметтер көрсетуге, соның есебінен жеке ғылыми-әдістемелік базаларын дамытуға мүмкіндік берді. Мәдениет пен өнер саласындағы білім беру мекемелерін министрліктің басқаруына берудің нәтижесінде бүгінде шығармашылық кадрларды үздіксіз дуальді оқыту қамтамасыз етілген.
Білім саласындағы мәдениет нысандарын дамыту және жаңғырту мәселелері туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Оның айтуынша, музейлерге жұмыс істеуге келетін және олардың жұмысына жаңа серпін беретін білім алушылар саны артқан. 2016-2017 оқу жылында өнер мамандықтары бойынша білім алушылар контингенті 19 мыңнан асады. Ал өткен жылы небәрі 2,5 мың адам бітіріп шыққан. Өнер және мәдениет мамандықтары бойынша колледждер мен техникумдарда 13 мыңға жуық адам білім алуда.
Баяндамаларды тыңдай келе, Премьер-министр Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттер тұрғысынан мәдениет саласын дамыту және халыққа мәдениет нысандарының қолжетімділігін арттыру бойынша алдағы шараларды әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Бақытжан Сағынтаев Астананың қоғамдық орындарында мәдениет ұйымдарында өтіп жатқан барлық оқиғалар туралы азаматтарды құлақтандыратын ақпараттық бағандар орнату бастамасын қолдап, осындай жұмысты еліміздің барлық өңірлерінде жүргізу қажеттігін айтты. Қазақстандықтар еліміздің мәдени және тарихи ескерткіштерін тегін аралау мүмкіндігіне ие болуы қажет. Осылай деген Үкімет басшысы Мәдениет және спорт министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірге еліміз бойынша танымдық және этнографиялық саяхаттарды тегін ұйымдастыру үшін жағдай жасауды тапсырды.