15:27, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет отырысында жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу және шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қолдау шаралары қаралды
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат. Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу және шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қолдау шаралары қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Үкімет ҚР Үкіметі, Ұлттық Банк және ҚБА-нің экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарындағы ипотекалық кредит беру және тұрғын үй құрылысын дамыту үшін арнайы бағдарламаны іске асыру бөліміне өзгерту енгізу туралы қаулы қабылдады. Үкіметтің осы Қаулысында бұрын Астана және Алматы қалаларында қолданып келе жатқан ипотекалық кредит беру және тұрғын үй құрылысын дамыту үшін арнайы бағдарламаны іске асыруға Алматы облысының қатысуы қарастырылған. Қаулымен сондай-ақ бюджеттік сала қызметкерлеріне жылдық 9%, басқа да қарыз алушыларға 11%-дан жоғары емес (бұрын тиісінше 10,5 % және 12,5 %) ипотекалық кредит берудің тиімді ставкалар мөлшері бекітілді. Аталған қаулы шағын және орта бизнес субъектілеріне кредит беру бойынша сыйақының тиімді ставкасының жоғарғы шегі жылдық 12,5%-ға дейін екенін бекітеді. Отырыста, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен екінші деңгейдегі банктердің жылжымайтын мүлік нарығындағы мәселелерді шешуге әрекет ету туралы келісім жобасын мақұлдау туралы қаулы қабылданды.
Үкімет Қаулысына сәйкес, «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ 2009 жылғы 1 наурызға дейін ЕДБ құрылысты аяқтауды қаржыландыруға өтініш қабылдауын, соның ішінде ипотекалық кредит беру арқылы да, қамтамасыз ету керек.Осы қаулымен «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және ЕДБ арасындағы кейіннен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беру үшін банктерге қаржы салу туралы Бас келісімнің жобасы мақұлданды. Қаулымен ЕДБ тізімі және оларда қаражат салу лимиттері бекітілді. Қаулылар қол қойған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.