Үкімет Парламентке кәсіпкерлер үшін рұқсат беру құжаттарының санын үштен бірге қысқартуды қарастырған заң жобасын енгізеді
Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитеті жанындағы Мемлекеттік қызметтер және рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімділігін бақылау және мониторинг жүргізу жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, рұқсат беру жүйесін жетілдіру және бизнес ахуалды жақсарту аясында 2009 жылы ҚР Премьер-Министрінің бұйрығымен рұқсат беру құжаттарын қайта қарау және оңтайландыру жөніндегі сарапшы топ, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын беруді реттейтін құқықтық актілерді тізімдеу жөніндегі 22 жұмыс топтары құрылған. Аталмыш жұмыстардың нәтижесінде рұқсат беру процедураларының 1015 түрі анықталған. Бұлар бойынша 2008 жылы 29 миллионнан астам рұқсат беру құжаттары берілген. Сарапшы топ мыңдық тізімдегі қолданыстағы 335 процедураларды жою жөнінде ұсыным жасаған. Сол ұсынымдарды негізге ала отырып, Министрлік рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулер әзірлеп, оны сәуір айында Үкіметке енгізген. Егер заң жобасы қабылданған жағдайда, кәсіпкерлердің 27 млрд. теңге уақытша және қаржылық шығындары үнемделеді деп күтілуде.
Ж. Айтжанованың айтуынша, заң жобасы рұқсат беру құжаттарының түрлерін әншейін қысқартудан бөлек, рұқсат беру жүйесін қысуды, соның ішінде рұқсат беру құжаттарының санын қысқартуды, лицензияланатын қызмет түрі аясында лицензиялаудың әрекет ететін саласын тарылтуды, бүкіл рұқсат беру құжаттарына және бүкіл мемлекеттік органдарға «бір терезе» қағидатын таратуды, заң деңгейінде рұқсат беру құжаттарының тізімін бекітуді, рұқсат беру құжаттарын алумен байланысты уақыт шығынын және шығындарды қысқартуды қарастырады.