Үкімет пен Кәсіподақтар федерациясы арасындағы әріптестік сындарлы түрде дамып келеді - Премьер-Министр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Премьер-Министрдің айтуынша, осы жылдар ішінде Мемлекет басшысының жетекшілігімен біздің қоғамды қарқынды дамыту үшін Үкімет, кәсіподақтар және жұмыс берушілер бірлесе отырып мол тәжірибе жинады. «Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев өте жақсы әріптес. Ол кәсіподақтардың мүдделерін өте нақты және қатты қорғайды. Күн тәртібінде тұрған барлық мәселелерде кәсіподақтарды жақтайды. Біз қандай мәселе болмасын әрдайым ымыраға келуге тырысамыз», деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысының айтуынша, әлемдік дағдарыстың салдарынан туындаған көптеген қиындықтарға қарамастан, соңғы екі-үш жылда Үкімет пен Кәсіподақтар федерациясы өзара түсіністікте жұмыс істеді. Мемлекет кәсіподақтардың жанайқайын естіді. Сондықтан да Президент бюджет саласы қызметкерлерінің айлығын 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. «Әлемде не болып жатқанын қараңыздар. Бір қарағанда дамыған елдерде ешқандай проблема болмауы тиіс еді. Грекия қатты күйзелді. Ол ел жалақыны көтермек түгілі, минусқа кіріп кетті. Испанияны, Португалияны қараңыздар. Дамыған елдер ұстанған саясаттың нәтижесінде қазіргідей жағдайға тап болып отыр. Жалпы, уәдені аз беріп, көп нәрсе істеуге тырысу керек», деді К. Мәсімов. «Үкімет пен Кәсіподақтар федерациясы арасында қазіргі күні қалыптасқан сындарлы диалог өте жағымды және ұнамды. Менің ойымша, біздің Президент анықтаған экономикалық бағыттың перспективасы өте зор», деп толықтырды сөзін Премьер.