13:13, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет шағын және орта бизнесті несиелеудің мерзімін ұзарту және көлемін ұлғайту жөнінде шешім қабылдады
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында екінші деңгейлі банктер арқылы шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеудің мерзімін ұзарту және көлемін ұлғайту туралы шешім қабылданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгін шағын және орта бизнеске берілетін несиенің жылдық үстемесін теңгемен 12,5 пайыздан асырмау туралы принципті шешім қабылданды. Бұдан бөлек шағын және орта бизнеске бөлінетін несиенің мерзімі 7 жылға ұзартылып, ал мөлшері 750 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды», - деді отырыста Премьер-Министр Кәрім Мәсімов.
Үкімет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін диқандарға берілетін несиенің жылдық үстемесі 12 пайыздан аспайтынын атап көрсетті. «Мен бұларды өте маңызды шешімдер деп санаймын. Енді уақытты оздырмай, жұмысты тездетіп жүргізу қажет», - деді ол.