Үкімет тарапынан рұқсат беру құжаттарын екі есеге қысқарту қарастырылып отыр

Бұл туралы бүгін Астанада «Атамекен» Одағы» ұлттық экономикалық палатасының съезінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2009-2011 жылдарда Қазақстандағы рұқсат беру жүйесін жетілдіру мақсатында Үкімет тарапынан сәйкес тұжырымдама қабылданып, оны жүзеге асыру шараларының жоспары әзірленді. Рұқсат беру жүйесін реформалау үдерісінде Үкіметтің мақсаты кешенді тізімдеу шараларын өткізу мен барлық рұқсат беру құжаттарын қарастырудан тұрады», - деді министр.
Осы орайда Б. Сұлтанов рұқсат беру құжаттарын екі есеге қысқарту қарастырылып отырғандығын жеткізді.
Оның айтуынша, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің жанынан сараптамалық топ құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері мен ЮСАИД-тің бизнес ортаны дамыту жобасының және бизнес қауымдастықтардың халықаралық мамандары кіріп отыр.