Үкімет үш жылға арналған Дағдарысқа қарсы бірыңғай бағдарламаны қабылдамақ - К. Мәсімов

Бұл туралы бүгін Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті. Еске салайық, жалпы отырыста «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңын қабылданған болатын.
«Біздің жоспарымыз бойынша, егер сіздер нақтыланған бюджетті қолдап, Мемлекет басшысы бұл бюджетке қолын қойған жағдайда, біз 8-і желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда 2 жаңа бағдарламаны қабылдауды жоспарлаймыз. Біріншісі - бұл алдағы үш жылға арналған дағдарысқа қарсы бірыңғай бағдарлама. Бұл ретте біз қолданыста бар экономикалық құрамдастарды қамтыған 2014-2015-2016 жылдарға арналған барлық бағдарламаны бір жерге жинап, топтастырамыз. Сосын бұл «Алдағы үш жылға арналған Дағдарысқа қарсы бірыңғай бағдарлама» деп аталатын болады. Ал екінші бағдарлама - бұл жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы. Қазіргі таңда бұнымен тиісті министрліктер айналысуда», - дейді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің айтуына қарағанда, жаңа бағдарламада 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан жинақталған тәжірибелер ескеріледі.