Үкімет жанар-жағармай бағасын уыста ұстамақ

А. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Желтоқсан айынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жоғары октанды бензиннің бағасы 82 теңге болады. Елбасы тікелей желідегі сұхбатынан кейінгі Үкіметтің жанар-жағармай бағасына қатысты ішкі нарықтағы жүргізген зерттеулері, бағаның құбылуы мәселелері бойынша атқарған шаралары нәтижесінде Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі осындай шешімге келіп отыр. Бұдан бұрын да анықталғанындай,
None
None

Қазақстанның ішкі нарығындағы  бензин бағасына негізінен ресейлік импорт әсер етіп келген болатын. Көршілес елден елімізге жоғары октанды бензиннің 37 пайызға жуығы импортталады екен. Ал отандық зауыттардың негізгі сұраныс болып табылатын жоғары октанды шығаруға шамасы келмейтіні белгілі. Сондықтан, бензин нарығындағы импортқа тәуелділік басым рөл атқарып, оның сыртында нарықтың алып «ойыншыларының» «қылығы» да бағаға біршама әсер еткен.

Дегенмен, бағаны ырықтандыру бағытындағы шаралар бойынша импортқа тәуелділік әлі де  сақталады. Ең бастысы атқарушы билік халық сұранысын қанағаттандыру үшін ауыртпашылықты мойнымен көтеруге бел буғандай. Атап айтқанда, желтоқсан айында елімізге 40 мың тоннаға жуық бензин импортталады. Жалпы алғанда Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, желтоқсан айында жоғары октанды бензинді тұтыну көлемі 180 мың тоннаны құрайды. Бұл Аи - 92 және 93 маркалы бензиндеріне қатысты. Аталған 180 мың тоннаны әр қала мен облыстарға үлестірудің жоспары жасалған. Сонымен, алдағы айда Астана - 11 мың тонна , Алматы - 40 мың, Алматы облысы - 15, Оңтүстік Қазақстан облысы - 18, Жамбыл облысы - 14, Қарағанды мен Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары - 10 мыңнан, ал Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары - 7 мың, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы 8 мың тонна бензинді тұтынатын болады. Министрдің сөзіне қарағанда, желтоқсанда Павлодардың мұнай өңдеу зауыты - 83 мың тонна, Атырау зауыты - 18 мың тонна, Шымкент мұнай өңдеу зауыты 41 мың тонна бензин өндіреді. «Жетпейтін 37,5 мың тоннаны біз өндіре алмаймыз. Сондықтан оны алдағы айдың барысында импорттаймыз», деді С. Мыңбаев.

 «Қазіргі кезде республика бойынша жоғары октанды бензиннің бағасы 88 теңге. Желтоқсанның 1-нен бастап кейбір жанар-жағармай стансылары үшін осы санаттағы бензиннің бағасы арзандайды. Ал орташа бағаны 75 теңге шамасында ұстап тұрған «Гелиос» үшін оның бағасы керісінше көтеріледі. Яғни, енді, 5 күннен кейін барлық аймақтарда жоғары октанды бензиннің бағасы 82 теңгеден болмақ»,  деді С. Мыңбаев.

Жоғары октанды бензин бағасының 82 теңгеден белгіленуінің өзіндік себептері де бар секілді. Мәселен, отандық зауыттарда әрине, баға тұрғысынан проблема жоқ, бастысы ресейлік импорт бағасына қатысты болып отыр. «82 теңге - Ресейден бензин тасымалы үшін нағыз рентабельді шек. Қазір көршілес елде май бағасының сәл-пәл төмендеген үдерісі байқалады. Ал осыдан 5-6 күнгі бағамен есептесек, 82 теңге бойынша тасымалдаудың шығыны айтарлықтай болатын еді», деді С. Мыңбаев. Ал алдағы уақытта Ресей бағаны тағы көтерсе ше? Онда «тасымалдың шығынды болғанына қарамастан «ҚазМұнайГаз» АҚ Ресейден 37,5 мың тонна бензинді тасымалдауын тоқтатпайды, артық шығынды өзі көтереді».  Бір сөзбен айтқанда, Үкімет алдағы уақытта жанар-жағармай бағасын белгіленген шекте ұстап тұруға тырысып көреді. Импорттың салдарынан шығынды болса да, баға қалыпта болмақ. Сонымен бірге, республика өңірлерінде бағаны реттеудің тиімді тетіктері жүзеге асады. Бұл ретте жоғары октанды бензинмен қамтамасыз ету бойынша әкімдіктер мен тасымалдаушылар арасында тиісті меморандумға қол қойылған. Әрбір тасымалдаушының қай жанармай стансасына қаншалықты бензин жеткізгені кестеге түзіледі. Бұндай жеткізу мөлшерлерін әкімдіктермен келіседі. Нәтижесінде, бензин бағасын қалыпты ұстауға, нарықты қадағалауға мүмкіндік туады. Сонымен бірге, Үкімет басшысы бірнеше мәрте «бензин бағасымен ойнағандарды жазалау туралы» мәселе көтеріп еді, ендігі мына жүріспен кімді қай себеппен жазалау керектігі анық көрінетін болады.

Әрине, Үкімет осылайша бензин бағасын ауыздықтауға шын кірісіп отырғанын аңғартты. Дегенмен де, бұл шара саладағы проблеманың түбегейлі шешілгенін көрсетпейді. Ондай проблеманың Қазақстан сыртқы фактордан толық тәуелсіз болғанда толық шешімін табатыны түсінікті жайт. Ол үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарын түбегейлі жаңғырту, болмаса жаңадан заманауи зауыт салу қажеттігі туралы айтылуда. Бұл алдағы жылдардағы индустрияландыру жоспарындағы басым шаралардың бірі. Екіншіден, Қазақстан жоғары октанды бензинді ресейден импорттайтынын айттық. Ендеше, ресейліктер ықпалынан арылу өзекті мәселе. Айтпақшы, осы аптада Қазақстан, Беларус, Ресей арасында Кеден одағын құрудың басты қадамдары жүзеге асады. Олай болса, Қазақстан мен Ресей арасындағы жанар-жағармай саласындағы ықпалдастығы, келісімдері мен баға бойынша ұстанымдары бір-бірінің көңілінен шығуы тиіс.

Осы аптада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов балабақша мен азық-түлік мәселелеріне қатысты көшпелі кеңес өткізді. Бұл екі мәселені Мемлекет басшысы өзінің халықпен сұхбаты барысында Үкімет мүшелеріне жүктеген болатын. Осыған орай, Кәрім Мәсімов өткен отырыста тиісті ведомство басшыларына арнайы тапсырма берген еді. Бұндай тапсырманың орындалу барысымен танысу мақсатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бастаған үкімет мүшелері Астанадағы балабақша ғимараттары мен ірі сауда орындарын аралап, ондағы жағдайды көзбен көре отырып, көшпелі кеңес өткізді. Астанадағы №3, №5, №23, №39 балабақша ғимараттарында болды. Шара барысында Үкімет басшысы балабақша нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаражатты бөлудің тетіктерін әзірлеуді тапсырды.  Көктал 1 кентіндегі №39 Меруерт балабақшасын көргеннен кейін Үкімет басшысы елордадағы басқа да балабақша ғимараттарын жөндеуден өткізіп, пайдалануға беру туралы тапсырма жүктеді. «Енді осы мақсатқа қажетті қаржы көздерін бөлудің тетіктерін қарастырып, нақты жүйесін әзірлеу қажет»,  деді К. Мәсімов.  Айта кетейік, Көктал 1 кентіндегі №39 балабақша кезінде Ақмола облысы әкімдігінің құзырында болған. Ағымдағы жылдың басында Астана әкімдігі бұл нысанды мемлекетке қайтару жөніндегі шешім қабылдады. Аталған нысанды қайта жөндеу жұмыстарына 242,5 миллион теңге, оның ішінде 120 миллионы  «Жол картасы» аясында және екінші бөлігі жергілікті бюджеттің есебінен бөлінген болатын. Қазіргі кезде балабақшада 240 бүлдіршін тәрбиеленуде.  Алдағы уақытта кезінде ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі және басқа мемлекеттік органдардың иелігіне өтіп кеткен Астанадағы бірқатар балабақша нысандарын мемлекетке қайтару жоспарланып отыр.

Жиын барысында  Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2011 жылға қарай елордада балабақша мәселесі толық шешілетінін атап өтті. Елорда әкімінің айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар ескі балабақша ғимараттарын мемлекетке қайтару, шағын балабақшаларды салу, жекеменшік балабақша орындарын кеңейту және осы санаттағы жаңа нысандарды тұрғызу бойынша атқарылып келеді. «Осының арқасында қалада 11 мыңға жуық балабақша орны ашылады деп күтілуде. Бұл жалпы сұраныстың 50-60 пайызы. Ал 2011 жылы Астанада қосымша 20 балабақша салынады. Сөйтіп, біз елордадағы балабақша мәселесін толығымен шеше аламыз деуге болады»,  деді И.Тасмағамбетов.

Бас қаладағы балабақша проблемасын шешу тетігінің атқарылу барысына ризашылығын білдірген Үкімет басшысы, өңірлерге Астананы үлгі қылуды тапсырды.  «Бүгіннен бастап бір аптаның ішінде жергілікті әкімдер ескі балабақша ғимараттарын аралап, Астананың үлгісінде осы мәселені шешуі тиіс. Бұл біздің негізгі бағытымыз болмақ», деді К. Мәсімов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі Үкімет отырысында жарияланған мәліметтер  бойынша,  бүгінде Қазақстанда 240 мың   бүлдіршін  балабақша кезегінде тұр. Бұған қоса,    мектепке  дейінгі жастағы    820   мың  бала   үй  жағдайында тәрбиеленуде.   Балабақша проблемасы әсіресе  Алматы  (40,4 мың), Оңтүстік Қазақстан (21,1 мың)  облыстарында, Алматы  (24,4 мың) және  Астана  (18,9 мың) қалаларында өткір қалып отыр. Мемлекет басшысының «Нұр Отан»  партиясының    2009 жылғы мамырдың 15-індегі  съезінде   берген тапсырмасына сәйкес,  2009-2012     жылдардың  бюджетінде   200     балабақшаның    құрылысы   қарастырылған,  оның  19-ы - ағымдағы жылдың соңына  дейін,  67-сі - 2010   жылы,   63-і - 2011 жылы,  43-і - 2012 жылы  салынады.   Бұл шаралар  балабақша  кезегін  57 400 орынға жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Тоқтала кететін жайт, ендігі кезекте балабақша санымен қоса сапасына да көбірек назар аудару қажет секілді. Балалардың жаппай улануы, балабақшадан бір-біріне ауру жұқтыруы сияқты оқиғалар орын алып жататыны бар. Сондықтан, ондай жағдайдың орын алмауы қатаң қадағалануы тиіс. Бұл жұртшылықтың бір тілегі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум