Үкімет жұмыссыздықты жүгендеді, ендігі екпін елді индустрияландыруға салынады

АСТАНА. Қаңтардың 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осы аптадағы Үкімет отырысынан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қазақстандық БАҚ өкілдеріне арнап арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ол журналистердің сұрақтарына жауап беріп, атқарушы биліктің 2009 жылы жасаған жұмысын қорытындылады, Үкіметтің 2010 жылғы бассымдықтарына тоқталды. Кәрім Мәсімовтің пайымдауынша, 2009 жылдың нәтижелері Үкіметтің болжамдарына қарағанда
None
None

біршама жақсы болып шықты. Өткен жылдың ең басты жетістіктері - жаппай жұмыссыздыққа жол берілген жоқ, банк секторы тұрақтандырылды, құрылыс секторындағы проблемалар жүйелі шешілді, агроөнеркәсіп кешені жоспарға сәйкес дамып келеді. «2009 жылы Қазақстан Ішкі жалпы өнімнің оң өсіміне шықты. Алдын ала қорытындылар бойынша елімізде Ішкі жалпы өнімнің өсімі 0,5-1 пайызды құрайтын болады. Біз инфляцияның өсіміне жол бермедік. Инфляция 6,3 пайыз деңгейінде болады. Бұл соңғы 10 жылдағы ең төменгі инфляция. Ал жұмыссыздық шамамен 6,3-6,5 пайыз деңгейін құрамақ. Біз дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында алдымызға қойған міндеттерді орындадық», деді баспасөз мәслихатында Премьер-Министр.

Оның сөзіне қарағанда, биыл құрылыс секторында 6,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Үлескерлердің қатысуындағы барлық проблемалы нысандар бойынша нақты шешімдер қабылданды. Көптеген нысандардың мәселелері 2009 жылы шешілді, ал 2010 жылы олар түбегейлі шешімін табады.

Үкімет басшысының пікірінше, 2009 жылдың ең басты жетістіктерінің бірі - Қазақстанда жұмыссыздық бақылауда болды, нәтижесінде жұмыс орындарын жаппай қысқартуға жол берілмеді. Бұған ең алдымен Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленіп, жүзеге асырылған «Жол картасы» мұрындық болды. Осы тұста атап өтерлігі, Қазақстан 2009 жылға еңбек нарығындағы қиын жағдаймен аяқ басқан еді. 2008 жылдың күзінен бастап елімізде еңбекпен қамтылған халық санының азайғаны байқалды. Әсіресе жалдамалы жұмысшылар қиын жағдайда қалған еді. Тиісінше республикамызда жұмыссыздық ұлғая бастаған-ды. Әсіресе жұмысыздықтың жасырын формасы жылдам қарқынмен өсе бастады. Кез-келген экономикалық дағдарыс тұсында қымбатшылық пен жұмыссыздық ілесе жүретінін, сайып келгенде бұндай құбылыстың әлеуметтің көңіл-күйінің ширығуына әкеп соғатынын жақсы ұғынған Үкімет әліптің артын бақпай, бірден қажырлы қимылға көшті. Еңбек нарығын тұрақтандыру, өңірлік жұмыспен қамтуды және кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың дағдарысқа қарсы бағдарламасы негізінде жұмыспен қамту және жұмыскерлердің жұмыстан ықтимал босап қалу картасы әзірленді. Жұмыспен қамту картасы Жол картасын жүзеге асырудың және оны қаржыландырудың оңтайлы әрі тиімді жолдарын таңдау үшін пайдаланылды. Сөйтіп күш-жігердің барлығы жұмыссыздық деңгейінің айтарлықтай өсіміне жол бермеуге жұмылдырылды. Бұл үшін жергілікті бюджеттердің шығындары оңтайландырылып, босаған қаржы аталмыш мақсатқа бағытталды. 2009 жылы «Жол картасын» жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден бас-аяғы 191,5 млрд. теңге бөлінді. «Жол картасы» аясында 260 мыңдай жұмыс орны құрылды, бұл жоспардағыдан анағұрлым көп. Құрылған жұмыс орындарына 248 мыңдай адам еңбекпен қамтылды. Ал халықтың мақсатты топтарын қорғау үшін мемлекеттік теңдей қаржыландыру негізінде әлеуметтік жұмыс орындарын құруға баса мән берілді. Бұл мақсатқа 7,6 млрд. теңге бөлініп, ол қаржы 120 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді. Тұтастай алғанда «Жол картасы аясында елімізде 400 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Бұдан бөлек бағдарлама шеңберінде қазіргі оқу орындарының базасында 100 мыңнан астам адам қайта даярланды. Олардың тең жарымынан астамы оқуларын аяқтап, үштен бірі жаңа меңгерген мамандықтары бойынша еңбекпен қамтылды. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2009 жылы жұмыссыздық жүгенделіп, Қазақстандағы оның деңгейі 6,3 пайыздан аспады. Кәрім Мәсімовтың пікірінше, «Жол картасы» 2009 жылғы ең табысты бағдарламалардың бірі болды.

Баспасөз мәслихатында Премьер-Министр дағдарыс уақытында жинақталған тәжірибеге баға жетпейтінін атап көрсетті. «2009 бүкіл әлемдік экономика үшін ең күрделі жыл болды. Әлемдік қаржы дағдарысының ықпалы Қазақстан үшін Кеңес одағының құлауымен теңбе-тең болды. Үкіметтің, әкімдердің, кәсіпорындардың және халықтың дағдарыс кезеңінде, әсіресе 2009 жылы жинақтаған тәжірибесіне баға жетпейді. Себебі біз әлемдік экономиканың қатысушысы ретінде тұңғыш рет дағдырысты шын сезіндік», деді ол.

Баспасөз мәслихатында Премьер-МинистрҮкімет 2010 жылы да экономиканы «қолмен басқару» режимін ұстанатынын жеткізді. «Егер экономиканы жүйелі басқару ақау бермегенде, алайда бұндай ақау бүкіл әлем экономикасында болды, онда оны қолмен басқаруға көшудің қажеті болмас еді. Менің ойымша, қолмен басқару - бұл дағдарысқа қарсы элемент. Біз экономиканы қолмен басқаруға 2007 жылдың соңында көштік. 2008 және 2009 жылдары да осыны басшылыққа алдық. 2010 жылы да осыны ұстанатын боламыз», деді Үкімет басшысы. Дегенмен, Премьер-Министрдің пікірінше, 2010 жылдың соңында мемлекеттің нарықтық жүйеге белсенді араласуын қысқартуды бастау қажет. Тұтастай алғанда жүйе экономиканы өзі реттей алатындай жағдай жасау керек.

Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов 2010 жылы мемлекеттің елдегі ірі банктердің капиталынан шығу жолдары бойынша шешім қабылдайтынын айтты. «2010 жыл банк жүйесі үшін мемлекеттің қызмет етіп жатқан банктердің капиталынан қалай шығатынына қатысты ұстанымды шешім қабылдау қажет деп есептеймін», - деді ол. Бұл орайда Үкімет басшысы банктерді мемлекеттендіру уақытша шара болғанын еске салды. «Біз банк жүйесін мемлекеттендіруді қолдамаймыз. Біз тұрақтандыру кезеңінде ғана ендік. Ал 2010 жылы мемлекет банк жүйесінен қалай шығады дегенге нақты жауап беруге тиіспіз», - деді Үкімет басшысы.

Қазіргі таңда ел ішінде Кеден одағы жұмыс істей бастағанда «азық-түлік тағамдарының бағасы қымбаттайды екен» деген қауесет жүргені белгілі. Баспасөз мәслихатында Кәрім Мәсімов осы мәселенің мән-жайын ашып берді. Оның пікірінше, Кеден одағының құрылуынан тұтынушылар ұтады, себебі бәсекелестіктің артуынан баға арзандайды. Бұдан бөлек Кеден одағы Қазақстанға өнімдерін сататын нарықты кеңейтуге үлкен мүмкіндік береді. «Менің пікірімше, бұл Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Өнімдерді тек қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар ешқандай кедергісіз бүкіл Кеден одағы үшін жеткізуге болады», - деді ол.

Кәрім Мәсімовтың айтуынша, Үкімет 2010 жылы индустриялық саясатты, «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға баса көңіл бөлетін болады. Осылайша 2009 жылы «дағдарыстан дамуға» деген қағиданы басшылыққа алып жұмыс істеген Үкімет, 2010 жылы индустриялық саясаттың иінін қандырып, ел экономикасын қарқынды дамытуға күш-жігерін жұмсамақ. Дағдарысқа қарамастан еліміздің алтын-валюта қоры ортаймай (бүгінде ол 52 млрд. АҚШ долларын құрап отыр), керісінше өсіп отырғанын, бұдан бөлек шет мемлекеттердің алпауыт компаниялары Қазақстанға инвестиция салуға ықылас танытып отырғанын ескерсек, дағдарыстан кейінгі кезеңде еліміздің дамудың даңғыл жолына түсуіне мүмкіндіктер жеткілікті деп айтуға толық негіз бар. Ол даму 2010 жылдың ішінде басталып кетуі де әбден мүмкін.

Соңғы жаңалықтар