12:36, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет жүйе құрушы банктерді құтқарып жатыр
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Жәмилә Сейдалиева/ - Нақты экономиканың үлкен кредиторларының бірі - БТА банктің жарғылық капиталы 2,3 миллиард долларға артады.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен ақпанның 2-сі күні өткен Үкімет отырысында осындай шешім қабылданды. Банк акцияларының ¾ «Самұрық-Қазына» мемлекеттік холдингінің бақылауына өтеді. Бұл шара халықтың салымдарын сақтап қалуға және экономиканың өндірістік салаларын үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Қазір орын алып жатқан жайттың барлығы банктерді қолдау үшін мемлекет тарапынан қабылданып жатқан төтенше шаралар, себебі банктердің қазіргі акционерлері бұлай ете алмай отыр», - деді Үкіметтің бұл шешіміне түсіндірме берген Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко. Өткен жылдың соңында БТА банк банкроттыққа тым жақын қалған болатын. Қазақстанда екінші рыноктағы тұрғын үй бағаларының 30 пайызға құлдырауы салдарынан, оның несиелік қоржыны нашарлағаны соншалық, Fitch Ratings агенттігі оның рейтингін «Теріс» деген деңгейге төмендетіп отыр. Бұл дегеніміз, банк өз міндеттемелері бойынша өз бетінше жауап бере алмайтын еді және қысқамерзімдік перспективада дефолт туралы жария етуі керек болатын.
Үкімет ұсынған көмекке жанталаса қол созған БТА басшылығы белгілі пруденциальдық нормаларды сақтауға айырбас ретінде банкті 25 пайыздық капиталдандыруды қарастырған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бірақ та банк ол міндеттемелерді орындамады: қаржылық бақылау органдары жүргізген тексеру БТА банктің өтімділік коэффициентін және өз капиталының жетімділік коэффициентін бұзғанын анықтаған. Егер бұл фактілер «тыныш жағдайда» орын алса, үкіметтің шарасы мұншалықты қатаң және жедел болмас па еді, кім білсін. Бірақ бүгінгідей жаһандық дағдарыс жағдайында нақты сектордағы жүйе құрушы негізгі кредиторлардың бірінің күйреуі бүкіл ұлттық экономикалық жүйеде тізбекті реакция туғызатын еді. Мемлекеттің және қоғамның мүддесі тұрғанда, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, басқаша шешім қабылдау мүмкін емес болатын.
БТА банкті бақылауына алған Үкімет халық депозиттерін соққыдан қорғап, отандық өндірісті қаржыландыруды толық сақтап қалды. Әлемдік банк секторындағы ахуал қалыпқа келгеннен кейін «Самұрық-Қазына» қоры банк акционерлерінің құрамынан шығады.