Үкіметке денсаулық сақтау ісін реформалау бағдарламасын іске асырудың тиімділігін арттыру жөніндегі тетіктерді әзірлеу ұсынылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Есеп комитетінің бағалауынша, денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында оны іске асырудың айқын өлшемдері, индикаторлары мен мерзімдері көрсетілмеген. Бақылаудың мақсаты орындалмай жатады. Денсаулық сақтау министрлігі бағдарламаның орындалуын бақылауды тиісті деңгейде жүргізбеген. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңінде іс-шаралардың 20 пайыздан астамы орындалмаған, түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге бағдарланған қаржы-экономикалық тетіктер толық көлемінде енгізілмеген», делінген Есеп комитеті баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, тексерулер көрсеткендей, жобалау құжаттамасы уақтылы әзірленбегендіктен, құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеден қалып келеді. Сараптама комиссиясы көрсетілген қызметтерге бекітілген жобаларсыз және қорытындысыз ақы төлеп, орындалмаған жұмыс көлемі үшін бюджет қаражатын аударған. Олардың жалпы сомасы - 158,1 млн. теңге.
Жекелеген облыстарда денсаулық сақтау объектілері құрылысының бастапқы сметалық құнын негізсіз өсіру жүйелік сипатқа айналып бара жатыр. 2007 жылы 23 денсаулық сақтау объектісі - 6,1 млрд. теңгеге, ал 2008 жылы 18 объекті - 7,4 млрд. теңгеге қымбаттаған. Кейбір облыстарда медициналық мекемелердің материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандырылуына мониторингі нашар жүргізілгендіктен, нысаналы трансферт есебінен 50,1 млн. теңгеге сатып алынған медициналық жабдықтар мен бұйымдар пайдаланылмай тұр, 20,9 млн. теңгенің жабдықтары техникалық ерекшелікке сай емес, сондай-ақ 49,3 млн. теңгенің жабдықтары мақсатсыз сатып алынған. Жабдықтардың пайдаланылмай тұруының басты себептері: ғимараттар аталған жабдықтарға бейімделмеген, сатып алынған жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандардың болмауы. Сонымен қатар өңірлерде тегін медициналық көмек көрсетудің тізімі мен көлемі жөнінде халықты хабардар ету жұмыстары жеткілікті дәрежеде жүргізілмей келеді. Осы орайда Есеп комитеті Үкіметке мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тиімділігін арттыру жөнінде тетіктер әзірлеуді, Денсаулық сақтау министрлігіне бағдарламаның орындалуына мониторингіні күшейтуді, халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын көтеруді, құрылысқа және медициналық мекемелерді жарақтандыру талаптарын күшейтуді ұсынған. Облыс әкімдеріне денсаулық сақтау объектілерін уақтылы пайдалануға беруге бақылауды күшейтудің және денсаулық сақтау объектілерінің құрылысына бөлінетін трансферттерді нысаналы жұмсауды қамтамасыз етудің қажеттілігіне нұсқау берілген.