Үкіметке жұмыс істеуде еркіндік берілмек - Апталық шолу

Сонымен қатар кеңес жұмысына қатысушылар қатарында Әзербайжан үкімет басшысының бірінші орынбасары Я.Эюбов, Түркіменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары С.Сатлыков, Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары А.Икрамов, ТМД атқарушы комитетінің төрағасы С.Лебедев те болды. Отырыс нәтижесінде бірқатар құжаттарға қол қойылды. Кеңес қорытындысына арналған брифингте Қазақстан Үкімет басшысы бүгінгі бас қосу көңілінен шыққанын атап өтті. «Толықтай алғанда, бүгінгі шаралар қорытындысы көңілімізден шықты. Мен бүгінгі кеңес біздің елдеріміздің интеграция жолындағы, халқымыздың әл-ауқатын арттырудағы кезекті қадам болатындығына сенімдімін», - деді ол.
Осыдан кейін Бурбайға арнайы келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев делегация басшыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында елдердің қаржы-экономика, көлік-транзит, отын-энергетика салаларындағы өзара ықпалдастығының негізгі аспектілері талқыланды. Қазақстан Президенті ТМД елдерінің мемлекет және үкімет басшылары кездесулерінің, екіжақты және көпжақты келіссөздердің маңыздылығына тоқталды. «Жаһандық дағдарыстық құбылыстарды өткеріп, жекелеген экспорттық тауарлар бағасы төмендеп жатқан қазіргідей уақытта бірлескен жұмыс пен кооперацияны күшейту қажет болады. Ықпалдастыққа балама жоқ деп санаймын, сондықтан біз тиісті үдерістерге бастамашылық етіп отырмыз. Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істеп тұр. Бүгінгі қиындықтарға қарамастан, мен оның болашағы зор деп сенемін. Мұндай қиындықтар болатынын біз болжадық, бірақ шарттың мәні, мақсаты мен онда қойылған міндеттері дұрыс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚР Президенті тек алдағы төрт жылдың ішінде елімізде бес мың шақырым автомобиль жолын, жаңа әуежайлар салу, көпірлерді қайта жаңғырту, тұрғын үй, мектеп пен аурухана салу көзделіп отырғанын, оған 14 млрд. доллар жұмсалатынын атап өтті. «17 млн. халқы бар Қазақстан үшін бұл өте көп қаржы», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ҚР Президенті елімізде Қытайдан Ресей шекарасына дейінгі 2700 шақырымды қамтитын автомобиль жолы салынып жатқанын ескертіп өтті. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев РФ Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевке «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралін Петерборға дейін созуды ұсынды. «Автомобиль магистралінің құрылысын аяқтаймыз. Ол Қытайдан Ресей шекарасына дейінгі 2700 шақырымдық заманауи автобан болады. Ағымдағы жылы біз аяқтаймыз. Осынау тамаша жолдың бойында көптеген бизнес орындары пайда болады. Мен Дмитрий Анатольевичке осы жолды Ақтөбеден Қазан, Санкт-Петербор және Еуропаға дейін созуды ұсынамын»,- деді Елбасы.
ҚР Президенті кездесуге қатысушылар назарын елімізде жүзеге асырылып жатқан 5 институттық реформаға жеке-жеке аударды. «Біздің істеріміздің барлығы ашық болуы тиіс. Егер ол мемлекеттік құпия болмаса, онда ол ақпарат қолжетімді болуы тиіс. Үкіметтің шешімдері, әсіресе, жергілікті бюджет жергілікті парламентпен (мәслихатпен) қоғамдық ұйымдар мен адамдардың қатысуымен ашық шешілуі тиіс және әрбір деңгей тұрғындар алдында жарты жыл сайын есеп беріп, сауалдарына жауап беруі қажет», - деді Елбасы. ҚР Президенті Парламент пен Үкіметке мол құқық беру қажеттігін де ерекше атап өтті. «Әлі күнге дейін бізде президенттік билік. Өздеріңіз де президенттік биліктің күшті вертикалі қалыптасқанын білесіздер. Орта тап өкілдері санының өсуіне қарай оны әлсіретіп, Үкіметке өз бетінше жұмыс істеуге мүмкіндік, ал Парламентке мол өкілеттік беру қажет шығар», - деді Н.Назарбаев.
Күннің екінші жартысында Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Отырысты ашқан К.Мәсімов халықаралық қызметтің негізгі бағыттарын әзірлеу мәселесіне және одақтың негізгі серіктестерімен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту әдістеріне ерекше назар аударылатындығын атап өтті. «Бүгінгі отырыстың маңызды оқиғасы Вьетнам Социалистік Республикасымен еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қою болмақ. Бұл біздің одақтың басқа мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынасты дамыту тарихындағы алғашқы қадам болмақ», - деді ол.
Оның атап өтуінше, ЕАЭО белгілі бір әлеуеті бар ірі ойыншы ретінде қалыптасуда. Ал онымен ынтымақтасу кез келген мемлекетке зор пайда әкеледі. «Одақтың әлеуетті серіктестерін іріктеу барысында біз оның мемлекеттерімізге қаншалықты тиімді екендігін басты ұстаным ретінде қарастыруымыз қажет. Меніңше, біздер табысты технологиялық дамыған, инвестициялық тұрғыда тартымды әрі болашағы бар экономикалармен ынтымақтастыққа бағыт алуға тиіспіз», - деді К.Мәсімов. Келесі кезекте одаққа мүше Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей Үкімет басшылары сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Мәселен, Беларусь Үкімет басшысы Андрей Кобяков ЕАЭО аясындағы кедергілер мен алымдардың ымыра тізімін әзірлеуді ұсынды. Ал РФ Үкімет басшысы келешекте валюталық одақ құру бастамасын көтеріп, бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.
Отандық жеңіл өнеркәсіп өрлер күн алда
Бұл жолғы Мәжілістегі Үкімет сағатына арнайы келген еліміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев отандық жеңіл өнеркәсіптің өткені мен бүгініне шолу жасап қана қоймай саланы дамыту бағытында қолға алынған шараларға да кеңінен тоқталған болатын. Алдымен отырысты Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева ашып, бүгінде елімізге тасымалданып отырған жеңіл өнеркәсіп өнімдердің сапасына ашық алаңдаушылығын білдірді. «Біздің барлығымыз импортқа үйреніп алдық. Әрине, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін тұтынушылардың импортталатын өнімнің 80 пайызында сертификат жоқ екендігінде, әкелінетін өнімдердің сапасына мемлекет тарапынан тиісінше бақылаудың жоқ екендігінде шаруасы жоқ. Олардың қатарында контрафактілік өнімдер де бар», - деді ол. Д.Назарбаева сөзінің жаны бар. Бүгінде елімізге Қытайдан тасымалданатын жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің сапасы сын көтермейтіндігі рас. Әсіресе, еліміздің болашағы балалар киімдерінің сапасы қатты алаңдататындығы анық жайт. Мұны министр мырза да жасырмады. Оның айтуынша, балалар тауары ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің, олардың физикалық әрі психологиялық тұрғыда салауатты өмір сүруінің қуатты құралы болғандықтан көптеген елдері оны стратегиялық санатқа жатқызған. Мәселен, Ресей 2013 жылы «2020 жылға дейінгі кезеңге арналған балалар тауары индустриясын дамыту стратегиясын» бекіткен. «Соңғы жылдары балалар арасында түрлі аурулардың өсімі байқалуда. Дерт көзі көрші елдерден тасымалданатын балаларға арналған түрі контрафактілік сапасыз өнімдер болуы мүмкін. Сондықтан балалар тауарларының сапасы мен қауіпсіздігіне бақылауды күшейту қажет», - деді Ә.Исекешев. Сонымен қатар ол мектеп оқушыларының киім формасын дайындау үшін тендер ұтып алған кәсіпкерлердің оны елімізде емес, қыр асып Қытайда не болмаса түрік елінде тіктіретіндігіне қынжылыс білдірді. «Мектеп формасымен қамтамасыз ету сапасы ерекше алаңдаушылық туындатып отыр. Отандық өндірушілер барлық оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз етуге және жергілікті бюджетке салық түсімдерін арттыруға қауқарлы болғанымен тендерді ұтып алушылар негізінен тапсырысты Қытайға немесе Түркияға береді», - деді ол. Министрдің атап өтуінше, елімізде біржылдық мектеп формасы нарығының көлемі 30,0 млрд. теңгеден асып жығылады екен. Ал мектеп формасын дайындау үшін тендерді ұтып алушылар тапсырысты шетелге беретіндіктен жыл сайын Қазақстан қазынасына қосылған құн салығы түріндегі 4 млрд. теңгеден астам сома түспей қалып отыр. «Осы себепті мектеп формасының отандық өндірісі институтын құру мәселесін қарастыру қажет», - деп түйіндеді ойын Ә.Исекешев.
Мұнан бөлек, Әсет Өрентайұлы «Qazbrands» өзіндік брендімен тігін кәсіпорындарын дамыту бағдарламасын әзірлеу қажеттігі туындап отырғандығын ашық айтты. «Бағдарлама міндеті киімдердің әлемдік деңгейдегі қазақстандық брендін құру, ел ішінде киімдердің қазақстандық брендтерінің беделін көтеру, тігін өндірісін кемінде үш есе арттыру, дайын өнім экспортын өсіру, қосымша жұмыс орындарын құру болу тиіс», - деді ол.
Жалпы, соңғы жылдары елімізде мемлекет тарабынан жеңіл өнеркәсіп саласына мейлінше баса назар аударылуда. Алғашқы нәтижелер де бар. Сала қарқынды дамып, халқымызды отандық өнімдермен толық қамтамасыз етпесе де, аздап болсын алға қарай ілгерілеп келеді. Тоқыма өндірісі, тігін және аяқ киім өндірісі сынды үш негізгі ішкі саладан тұратын жеңіл өнеркәсіп Индустрияландыру саясатының, соның ішінде Бизнестің жол картасы, Жұмыспен қамту, Өнімділік, Экспорттаушы бағдарламаларының арқасында 2,4 есеге өсім көрсетуде. Мәселен, нәрестелерге арналған киімдер өндірісі 7,5, бас киімдер 4, дайын тоқыма бұйымдары 2,8 есе өскен. Сонымен қатар саладағы еңбек өнімділігі 1,5 есе артқан. Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 6,8, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 есе көбейген. Алдағы уақытта түркі брендімен кілем тоқу «Әрине, біз атап өткен жұмыстармен шектелмейміз. 2019 жылға дейін саланы дамытуға арналған жоспар жасалды. Соны іске асырамыз», - деді Ә.Исекешев.
Осы мәселеге қатысты халық қалаулылары да өз ойларымен бөлісті. Атап айтқанда, мәжілісмен, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтің айтуынша, елдің ішкі нарығын қорғау үшін жеңіл өнеркәсіптегі өндірісіміздің деңгейін экономикалық қауіпсіздік деңгейіне дейін жеткізу, яғни отандық өндіріс үлесін 30 пайызға жеткізу қажет. Мұнан бөлек, ішкі нарықты отандық сапалы өніммен толтыру үшін қолайлы жағдай жасап, шикізатты дайын өнімге дейін терең өңдеуді жүзеге асыратын жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер үшін жеңілдіктер беру тетігін енгізу қажет», - деді С.Әйімбетов.
Депутаттың айтуынша, ол үшін жеңіл өнеркәсіппен айналысушыларды қосылған құн салығынан босатып, оларға преференциялар және субсидияларды және басқаларды беруге болады. Мұнан бөлек, санитарлық-гигиеналық нормативтерге, техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкес келмейтін тігін, тоқыма, тері, былғары және аяқ киім өнімін өткізу үшін жауапкершілікті күшейту қажет. «Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетті тауарларын сыртқы нарыққа жылжыту бойынша қолдау көрсету қажет»,- деді ол.
Қазақстан мен Хорватия байланыстары жанданады
Осы аптада елімізге Хорватия Үкіметінің басшысы Зоран Миланович бастаған хорватиялық кәсіпкерлер арнайы келіп, екі елдің бизнес форумын өткізді. Қазақстан мен Хорватия арасындағы экономикалық байланыстарды жандандыруға бағытталған бұл шара басталмас бұрын З.Миланович алдымен Үкімет үйіне келіп, қазақстандық әріптесі Кәрім Мәсімовпен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өткізді. Нәтижесінде екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасында ниеттестік туралы хаттама бекітілді. Аталған құжатты ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А. Волков пен Хорватия сыртқы істер ведомствосы басшысының орынбасары И. Клисович рәсімдеді. Осыдан кейін Үкімет басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.
«Біз өте жемісті пікір алмасуларды жүргізіп, хорватиялық компаниялармен біздің ынтымақтастықты жақсартудың мүмкіндіктерін талқыладық. Осы орайда Хорватияның бизнес топтарымен бұдан ары қарай да ынтымақтастықты жалғастырамыз деп үміттенеміз, себебі олар бізге Балқан өңірінің және Еуропалық Одақтың нарықтарына шығуға көмектеседі», - деді К.Мәсімов өз сөзінде. Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Хорватияның компанияларын Қазақстанда бизнестерін жүргізуге шақырды. Бұл тұрғыда ол Қазақстан өңірде инвестицияларды салу үшін қолайлы екенін атап өтті. Өз кезегінде Хорватия Үкімет басшысы: «Бүгін мен кәсіпкерлерден құралған хорватиялық делегацияны бастап келдім. Олар Қазақстандағы бизнеске зор қызығушылық танытуда», - деді. Оның атап өтуінше, соңғы 2 жылдан бері Хорватия Еуропалық одақтың мүшесі болып саналады әрі дәл осы кезең аталған өңірдегі экономикалық дағдарыспен тұспа-тұс келіп отыр. «Дегенмен, Хорватия тауарлары экспортының басқа нарықтарға өсімі байқалады. Қазіргі уақытта біздер жаңа нарықтарға шығу үшін осы ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз», - деді З.Миланович.
Осы күні түстен кейін екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Хорватия бизнес өкілдерінің форумы өтіп, оның нәтижесінде бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Киіктердің қырылуы себебін үкіметтік комиссия анықтайды
Көктем шыға ауызы көкке тиген киіктердің жаппай қырылып жатқандығы жайындағы деректер қоғамда біраз алаңдаушылық туындатқан болатын. Айналдырған бірер аптаның ішінде Қостанай және Ақтөбе облыстарында қырылған ақбөкендердің саны 120 мыңға жетіп жығылды. Осыдан кейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстарының аумағында киіктердің қырылу себебін анықтау мақсатында Үкіметтік комиссия құруды тапсырғандығы белгілі болды.
Айта кетерлігі, киіктердің нақты неден қырылып жатқаны белгісіз. Қоғамда түрлі болжам бар. Мәселен, еліміздің, сонымен қатар шетелдік бірқатар ғалымы киіктердің өлуін жануарлардың ашқарақтығынан деген болжам айтуда. Ал енді біреулер ақбөкеннің қырылуына гептилдің қатысы болуы мүмкін деген долбар жасауда. Қалай десек те, ен даланың ерке жануарына айналған киіктердің көктем шыға жыл сайын қырылу себептерін анықтап, оның алдын алу шараларын қолға алған жөн.