Үкіметте агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынды.
None
None

Аталған жоспар аясында министрлік кредиттер бойынша субсидияланатын пайыздық мөлшерлемені 7-ден 10 пайызға және техника мен малға арналған лизингті 10-нан 13 пайызға дейін көбейтуді ұсынды. Егер қазіргі кезде пайыздық мөлшерлеме 19 пайыз болғанда, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер пайыздық мөлшерлеменің 9-12  пайызын төлеп келген болса, келешекте олар 6-9 пайыз төлейтін болады.

Сондай-ақ, жоспарда мемлекеттік бюджетке ауыртпалықты азайту мақсатында мемлекеттің кепілдігімен халықаралық қаржы ұйымдарының, оның ішінде Ислам даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкiнен заем қаражатын тарту көзделген.

Корпоративтерді дамытудағы кедергілерді жою мақсатында Салық кодексінің ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін міндетті түрде жерінің болуы бойынша талаптарды алып тастауды көздейтін арнайы салық режімі бөлігінде өзгерістер енгізу қарастырылған.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің сауда орындарымен тікелей байланысын орнату мақсатында жоспарда «Бизнестің жол картасы-2020» аясында ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін сауда орындарын жалдау ақысын субсидиялау түріндегі жаңа мемлекеттік қолдау тәсілін енгізу мүмкіндігін қарастыру көзделген.

Соңғы жаңалықтар