Үкіметте ЭКСПО - 2017 көрмесі аясында өтетін мәдени және спорттық шаралар талқыланды
Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей,
ЭКСПО - 2017 мәдени бағдарламасы көпұлтты Қазақстан халқының мәдениет және спорт саласындағы жетістіктерін кеңінен паш етуді қарастырады. Қазақстанның дәстүрлі мәдениетінің экспозициясының негізі «Этноауыл» ұлттық мәдени кешен болады. Сонымен қатар, «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық және халықаралық жарыстар өтеді. Халықаралық көрмені өткізу кезінде Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында 50-ден астам шара өтеді деп көзделген. Мәдени бағдарламада ашық аспан астындағы спектакльдер мен концерттер қойылымдарына ерекше көңіл бөлінген.
ЭКСПО - 2017 кезеңінде 14 ірі спорттық шара өткізу көзделген, оның ішінде 6 әлем чемпионаты, 2 Азия чемпионаты, 3 халықаралық шара, 2 ҚР Президенті Кубогы, Дүниежүзілік бокс кеңесінің жыл сайынғы мерейтойлық 55-ші конвенциясы бар. Еліміздің аумағымен автомотоспорт бойынша «Жібек жолы - 2017» халықаралық раллиі маршруты өтеді.
ЭКСПО - 2017 аясында кешенді мәдени бағдарламаны жүзеге асыру халықаралық аренада еліміздің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді, еліміздің дәстүрлерімен және мәдениетімен таныстырады, деді А.Мұхамедиұлы.
Үкімет отырысында сондай-ақ, 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасының жобасы қарастырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген құжат жобасында аталған саладағы мемлекет саясатының басымдықтары нақтыланған. Дін және азаматтық қоғам істері министрі Нұрлан Ермекбаевтың баяндауынша, құжатта діни ұрандарды жамылған кейбір діни ағымдардың экстремистік идеологиясына қарсы тұру және бүлік салу қызметін бейтараптандыру бойынша жалпы мемлекеттік жүйесін қалыптастыру туралы айтылған. Барлық салаларда - білім, мәдениет, спорт, БАҚ, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттарында кешенді жұмыстар жүргізу ұсынылады. Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы жаңа геосаяси шынайылықтар, ішкі және сыртқы қатерлер аясында Қазақстанда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар ресми түрде тіркелген діни бірлестіктер мен азаматтық қауымдастықты тартумен барлық мүдделі мемлекеттік органдардың тығыз әрекеттестігі арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен жақында өткен кездесуде жас буынның діни білімсіздігіне ерекше назар аударды, деп атап өтті Б.Сағынтаев. Үкімет басшысы Қазақстанның поликонфессиялық мемлекет екенін және елімізде дін саласының мәселелеріне баса назар аударылатынын айтты. Сондықтан 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы қоғамдық сананың және жалпы қоғамның тұрақты әрі үйлесімді дамуын қамтамасыз етуі тиіс. Осыған орай, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өңірлермен бірлесіп, рухани-адамгершілік тәрбие мен қоғамда радикалдық діни идеяларды таратуға жол бермеу жөніндегі жұмыстарды жандандыруы қажет. Бұдан өзге, аталған салада дұрыс тәрбиелік әрі ағартушылық жұмыстарды бірлесіп атқарып, конфессиялар арасындағы келісімді нығайтуға күш салу керек. Осы орайда «Құдайды өз жүректеріңізден іздеңіздер, оны басқа еш жерден таппайсыздар» деген даналық сөзді еске түсірген Б.Сағынтаев, қоғамның басты міндеті - әркімнің жүрегіне осы түсінікті жеткізу болып табылатынын баса айтты.