Үкіметте «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес өтті
Елбасының Жарлығымен «Қазақстан - 2050» стратегиясын және 2013 жылы қабылданған «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыру мақсатында құрылған бұл кеңес осы тұрғыдағы басым бағыттар бойынша сектораралық диалогты ұйымдастыру үшін бірегей алаң болып табылады. Кеңестің бұл жолғы отырысы Қазақстанның Париж климаттық келісімін іске асыру тетіктерін талқылауға арналды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған энергетика министрі Қанат Бозымбаев Париж климаттық келісімін іске асыру Қазақстан үшін маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. «Париж келісімі базасында «жасыл экономикаға» көшу жол картасын әзірлеп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жүктелген болатын. Энергетика министрлігі Париж климаттық келісіміне қосылуға бағытталған жүйелі жұмыстар мен «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдасын жүзеге асырып келеді. Былтырғы жылдың қыркүйегінде өткен Кеңес отырысында парниктік газдарды 90-жылдардың деңгейіне қарағанда 2030 жылға қарай сөзсіз мақсат ретінде 15 пайыз, шартты мақсат ретінде 25 пайызға ерікті түрде төмендету туралы шешім қабылданды», - деді Қ. Бозымбаев.
Қазіргі күні Елбасының Париж келісіміне қосылу туралы Жарлығының жобасы әзірленді. Қазақстанда 1990-2014 жылдар аралығында шығарындылар 3,18 млрд тоннаға азайды. Сонымен бір мезгілде абсолюттік шығарындылар көлемі энергоқамтымдылықтың төмендеуіне қарамастан 2001-2015 жылдар аралығында 2,1 есеге артқан. «Шығарындылардың үлкен көлемі Қазақстада энергетика саласына ғана тиесілі емес, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына да мұның қатысы бар», - деді министр.
Ведомство басшысы атап өткендей, энергетика министрлігі Дүниежүзілік банкпен әріптестік аясында алға қойылған міндеттерге 2030 жылға дейін қол жеткізу мәселелерін зерттеген болатын. Есептеулерге сәйкес, шығарындыларды төмендету саясаты бойынша макроэкономикалық секторда оң нәтижелерге қол жететіні күтіледі. 2033 жылдың соңына таман ЖІӨ өсім қарқыны базалық сценарийге қатысты 1,3 пайызға артады деп болжанған. Париж климаттық келісімін ратификациялаған жағдайда Қазақстан мұнай-көмірсутекті дамыту саласында айтарлықтай мүмкіндіктерге ие болады.
Бұл ең алдымен ұлттық экономиканың барлық секторында энерготиімділікті арттыру есебінен орын алмақ. Екіншіден, тиімділік жаңартылатын энергия көздерін дамыту есебінен, үшіншіден, орман мен жасыл желектерді дамыту, төртіншіден, шығарындылар саласындағы жүйелі сауданың дамуы есебінен орын алады деп болжануда. Министрдің айтуынша, шығарындыларды төмендетудің ең ауқымды әлеуеті саудалау секторларында, соның ішінде электр мен жылу өндіру, мұнай және көмір өндіру саласында орын алып отыр.
Келтірілген мәліметке қарағанда, былтыр елімізде электр стансалары бойынша 91 млрд кВт электр энергиясы өндірілген. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 130-175 млрд кВт-қа жетеді деп болжанып отыр. «Біздің пікірімізше, электр энергиясын өндіру көлемінің артуы парниктік газдар шығарындыларының ұлғаюына әкелмеуге тиіс. Бұл ретте бірқатар шараларды уақытылы қабылдау қажет. Біріншіден, жаңа технологияларды енгізу. Екіншіден, қуат стансаларында жаңартылатын энергия көздері мен газды генераторлар үлесін арттыру қажет. Үшіншіден, энергияқамтымдылық пен электр энергиясын «жоғалтуды» төмендету», - деді Қ. Бозымбаев.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша электр қуатын өндіру саласында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 1 пайызға да жетпейді. Жаңартылатын және баламалы энергия көздерін дамыту бағдарламасына сәйкес, олардың үлесін 2020 жылға қарай 3 пайызға, 2030 жылдарға дейін 30 пайызға, ал 2050 жылдары 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Қазіргі уақыттың түйткілді мәселелерінің бірі болып отырған шығарындыларды азайту бағытында ауыл шаруашылығының орман секторының әлеуеті жоғары. «Жалпы Қазақстанның алдыға қойып отырған стратегиялық міндеттерінің барлығына қол жеткізерлік әлеуеті зор. Ал, Париж климаттық келісімін ратификациялау елімізде төмен деңгейлі көмірсутекті даму бағытында бірқатар кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді. Бұл ретте ұлттық экономиканың энергия тиімділігін арттыру секторларында, өңдеу саласында, ауыл шаруашылығында, құрылыс және көлік салаларында ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Сол үшін Париж климаттық келісімі аясында Қазақстан шығарындыларды, парниктік газдарды төмендету бойынша ұлттық міндеттемелерге қол жеткізу үшін төмен көмірсутекті дамудың ұлттық стратегиясын қабылдауы керек. Бұл арқылы Қазақстан әлемдік дамудың трендінде болып, халықаралық инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндігін арттырады», - деді министр.
«Жасыл экономиканы» дамыту бағытында маңызды әңгіме өрбіген кеңес отырысын қорытындылаған үкімет басшысы осынау өзекті мәселеге қатысты пікірталасты одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті. Өйткені қазіргі күні «жасыл даму» бойынша нақты қадамнан гөрі, әңгіме көбірек. Алайда, әлемдік дамудың біртіндеп сөзден іске көше бастайтын кезеңі тақап қалды. Осы орайда, үкімет басшысының пікірінше, Энергетика министрі «жасыл» дамуды насихаттап, оны ілгерілететін бірінші адам болуы керек. «Әлемде нақты қаражаттар тартылмай, бұл мәселелер туралы тек сөз жүзінде айтылып жатқанда, осылай құр әңгімемен отыра беруге де болады, бірақ одан келер пайда жоқ. Ал, қаржы ағындары нақты іс-қимылға көше бастағанда, біз шынайы үдерісті аңғаратын боламыз, соған қазірден кірісе беруге тиіспіз. Бүгінде бүкіл әлем осы бағытты ұстануда. Сондықтан алдағы уақытта «жасыл» емес жобаларды қаржыландыру қиынға соғады, тіпті келе-келе олардан бас тартуымыз да ғажап емес», - деді К.Мәсімов.
Үкімет басшысы осы ретте «G-20» елдерінің, оның ішінде бірінші кезекте АҚШ пен Қытайдың даму үдерісіне назар аударды. Біз осы үдерістен сырт қалмауға тиіспіз. Президенттің бастамасымен ЭКСПО - 2017 халықаралық көрмесі өтетіні белгілі. Бұл Қазақстанның «жасыл» дамудағы старттық нүктесіне айналуы тиіс. Біз оған түбегейлі дайындықпен келуіміз керек. К.Мәсімов бұл тұрғыда, егер қажет болса, үкімет даму жоспарына тиісті түзетулер енгізуге де әзір екендігін айтты.