Үкіметтік емес ұйымдар қаржылай қолдау алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының Дін және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен КЕАҚ «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» мемлекеттік гранттар конкурсының нәтижелерін жариялаған болатын. Соның нәтижесінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жалпы сомасы 76 916 891 теңге құрайтын 14 мемлекетік гранттарды үкіметтік емес ұйымдарға берді.
None
None

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 30 маусымында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранттар конкурсының сараптамалық комиссиясының отырысы өтті, оның аясында 71 үкіметтік емес ұйымнан 18 грант тақырыбы бойынша ұсынылған 93 өтініш қаралды. Соның нәтижелері бойынша сараптамалық комиссия қорытынды шығарып, ҮЕҰ-ларды гранттық қаржыландыру операторы ретінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына 16 тақырып бойынша ҮЕҰ-ларға арналған мемлекеттік гранттарды беруді ұсынды, 2 тақырып төмен өтініш деңгейіне байланысты кері қайтарылды. Ал «Қазақстанда еңбек құқығының іске асырылуына мониторинг жүргізу» тақырыбы бойынша ҮЕҰ-лардан өтініш түскен жоқ. Сондай-ақ, қарау қорытындысында АБҚО сараптамалық комиссия ұсынған 16 өтініштің 14-ін бекітті, яғни Орталық ҮЕҰ-ларға арналған 14 мемлекеттік грантты беру туралы шешім қабылдады.

Сараптамалық комиссияға гранттар бағытындағы кәсіпқой мамандар кіреді, олардың арасында Парламент депутаттары, БАҚ, үкіметтік емес сектор өкілдері бар.

Грант бөлінген жобалар жылдың соңына дейін жалғасып, кейін олардың жұмысы бойынша есеп берілуі тиіс. Өз кезегінде «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығы былтыр құрылып, енді бөлінген гранттардың жұмсалу барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Айта кетерлік тағы бір жайт, бұл орталық жеңімпаздарды анықтаумен айналыспайды. Аталып өткендей,  үздік жұмыстар сарапшылар комиссиясының отырысымен анықталады.

Осы орайда «Мемлекеттік жастар саясатын ақпараттық қолдау» тақырыбы бойынша «Активная молодежь» жастар қоғамдық бірлестігі 13 304 000 теңге көлеміндегі грантқа ие болды. 

Айта кетейік, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мемлекет пен мемлекеттік емес ұйымдар арасындағы өзара әрекеттесу механизмдерін жетілдіру және грант бөлуші ұйым жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Ұйымның негізгі қызметі мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттарды МЕҰ-ға бөлу және олардың іске асуын қадағалау.

«Ұлттық Интернет Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі «БАҚ қоғамдағы құқықбұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру құралы ретінде» тақырыбы бойынша 2 555 000 теңге сомасындағы грантты иеленді. Ал «Заманауи қазақстандық қоғамның құнды белгілерін талдау: Қоғамдық танымды жаңаландыру тұрғысында» тақырыбы бойынша «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент мектебі жеңімпаз ретінде анықталды. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жариялаған «Қазақстанның заманауи азаматтық қоғамының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талдау» тақырыбындағы гранттық жобаны іске асыру аясында Ұлттық баяндама әзірлеу үшін Саяси менеджмент мектебінің қызметкерлері баяндамаға қажетті ақпараттар жинап, оларды зерделеумен айналысқан болатын. Ұлттық баяндамада республикадағы азаматтық қоғамның ахуалы мен болашағы талданбақ.

Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдар 41 мемлекеттік грантты жүзеге асыруда, гранттар туралы ақпаратты Орталықтың ресми cisc.kz сайтынан табуға болады. 

Соңғы жаңалықтар