Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жүйелендірудің жаңа жолдары және шет ел тәжірибесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық қоғамның ажырамас бір бөлігі саналатын үкіметтік емес ұйымдардың дамуы - әлемнің алдыңғы қатарлы елдері үшін демократиялы мемлекет құрудың басты шарты.
None
None

Ғаламның бұл үдерісінен Қазақстан да тыс қала алмайды. Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде 20 мыңнан асып - жығылатын әртүрлі бағыттағы үкіметтік емес ұйымдар өз жұмысын жалғастырып келеді. Бұл дамушы мемлекет үшін жақсы көрсеткіш болғанымен, үшінші секторда әлі де болса, мемлекеттік реттеуді талап ететін мәселелер бар. Солардың бірі - үкіметтік емес ұйымдарға мониторинг жүргізудің қажеттілігі. Мәдениет және Спорт министрлігінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл көлемді жоба аясында Қазақстанда тіркелген барлық үкіметтік емес ұйымдардың санағы жүргізіліп, олардың жұмыс істеу бағыттары, қаржыландыру көздері, жетістіктері, мәселелері, экономикалық белсенді халықтың үлесі, т.б. туралы маңызды деректер жинақталып, ұлттық есеп дайындалады. Бұл қазіргі үшінші секторға «сұрыптау» жасауға мүмкіндік береді. Тек қағаз жүзінде ғана белсенді болып келгендер мен шын мәнінде өзекті әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық-таптық мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп жүрген ұйымдар анықталады. Ал бұл мемлекет қаржысын «сенімді» қолға тапсырып, жемісті жобаларды жүзеге асырудың әлем мойындаған жалғыз жолы. Осыған дейін үшінші секторда қаржыландырудың бір ғана түрі - мемлекетік-әлеуметтік тапсырыс болса, енді жуырда ғана Мәжіліс депутаттары бекіткен « ҚР үкіметтік емес ұйымдарының жұмысы туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңға сәйкес, енді мемлекеттік гранттар мен премиялар берілетін болады. Үшінші сектор мемлекеттің маңызды серіктесі болып отырған Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Нидерланды елдерінде қаржыландырудың: гранттар, мемлекеттік несиелер мен несиелік кепілдіктер, салықтық жеңілдіктер, ваучерлер, операциялық субсидиялар мен келісімшарттар сияқты бірнеше түрлері бар. Осындай қарқынды қолдаудан ондағы үкіметтік емес ұйымдар жергілікті халықты жұмыспен қамтуда едәуір үлеске ие болып отыр. Джон Хопкинс Институтының деректеріне сәйкес, үкіметтік емес ұйымдар Нидерландыда 14,4 %, АҚШ-та 9,8 % халықты жұмыспен қамтып отыр. Әлемнің 35 елінде жүргізілген зерттеулерге сәйкес, үшінші секторда жүрген халық 39,5 млн. Адамды құрайды. Бұл - әрбір 20-шы адам азаматтық қоғамның белсенді мүшесі деген сөз. Олардың 57 % тұрақты негізде, 43 % еріктілер қатарында қызмет атқарады.

Үкіметтік емес ұйымдардың халық алдында есеп беруі, олардың жұмысының нәтижелілігі мен сапалы болуы - әлем назарындағы тағы бір мәселе. Жоғарыда аталған елдерде үшінші сектордың жұмысын жергілікті халықтың бақылап отыруы үшін ақпараттық порталдар, веб-парақшалар үздіксіз жұмыс істеп, 24 сағат бойы азаматтарды толғандырған сауалдарға онлайн режимде жауап береді. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік қаржы есебінен жүзеге асырған жобаларын бағалауда әртүрлі сапа стандарттары бар. Осындай жауапты қадағалаудың негізінде бұл елдердегі үшінші сектор мемлекеттің иығындағы маңызды міндеттердің бір бөлігін ешбір қиындықсыз жүзеге асырып отыр. Мәселен, Германиядағы балабақшалардың 35% , мүгедектерге арналған мектеп-интернаттардың 60%, қарттар үйінің 40%, ауруханалардың 50% үкіметтік емес ұйымдардың басшылығымен құрылған. АҚШ-та мемлекеттік қорықтарға арналған жерлерді қоғамдық ұйымдар сатып алып, табиғи зоналар құрумен, театрлар мен өнер мектептерін ашумен айналысады. Біздің келтірілген мысалдардан көріп отырғанымыз, «дөңгелек үстелдер мен акциялар» өткізетін үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттің атқарушы органдары қызметін еркін орындай алатын жаңа деңгейі.

Бұл жаңа деңгейге қол жеткізу - біздің еліміз үшін де маңызды мақсаттардың бірі. Ал үкіметтік емес ұйымдардың мониторингін жүргізу, оларды қаржыландырудың жаңа көздерін енгізу, есеп берудегі ашықтық пен сапаны қамтамасыз ету үшін жасалып отырған жаңа қадамдар елімізді осы мақсатымыздың жолында көш ілгерілетеді деп сенеміз.

Жауынбай Таңшолпан

Соңғы жаңалықтар