13:36, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкіметтің 2008 жылдағы қызметі: агроөнеркәсіптік кешен
АСТАНА. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат - Үкіметтің 2008 жылы атқарған жұмыстарының басты басымдықтарының қатарында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесі де болды. ҚазАқпарат оқырмандардың назарына еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы туралы ақпараттық-анықтамалық материалды ұсынады.
Еліміздің агроөндіріс кешені тұрақты дамып келеді. Өз кезегінде ол мемлекеттегі азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, ішкі нарықтың тұрақтылығына негіз болуда. Нақты мәліметтерге сүйенетін болсақ, былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,3 трилллион теңгені құрады. Ал оның ішкі жалпы өнім көлеміндегі үлесі 6 пайызға жуықтайды. Жалпы 2008 жылы ауыл шаруашылығы секторын мемлекет тарапынан қолдау шарасы алдыңғы жылдағы көрсеткіштен 1,7 есеге артық болды. Сондай-ақ субсидиялар көлемі де 20 есеге көбейіп, несие мөлшері 2,2 есеге артты. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер егістік көлемін кеңейтіп, өндіріс көздерін басым бағытқа бұруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ техникалық және технологиялық жағынан жарақтанып, жаңа өндіріс көздерін аша бастады. Егін шаруашылығы да орнықты дамып келеді. Егін шаруашылығын әртараптандыру жөніндегі шаралардың арқасында былтыр дәнді дақылдардың егістік көлемі 5,1 пайызға, майлы дақылдар 35 пайызға, көкөністер 17 пайызға, ал қант қызылшасы 39 пайызға өсті. Мұндай даму қарқыны әрине еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы экспорт әлеуетін арттырып, ішкі нарықты қажетті азықпен кең көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мал шаруашылығында да дамудың орнықты қарқыны сақталып отыр. Бұл салада мал басының орташа жылдық өсу қарқыны 5-7 пайыз шамасында.
2007 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2008 жылғы желтоқсанның 1-індегі жағдай бойынша ірі қара малдың басы ? 2,8 пайызға, қой-ешкі басы ? 5 пайызға, шошқа ? 1 пайызға, жылқы басы ? 6 пайызға, түйе басы ? 3,4 пайызға, құс ? 10,5 пайызға артып отыр. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде де оң үрдіс байқалып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көрсеткіші жыл сайын еселеніп келеді. Банк несиелері бойынша ставка сыйақыларын субсидиялау жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларының арқасында лизингтік компаниялар жаңа технологияларды енгізуде, ауыл шаруашылығының шикізат өнімдерін өңдеудің үлесі артып, шығарылып отырған өнімдердің түрлері кеңейтілуде. Әлемдік азық-түлік нарығында қалыптасқан жағдайды ескерсек, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі былтырғы жылы барлық елдің экономикалық және әлеуметтік өмірінің негізгі мәселесінің біріне айналды. Саланың даму қарқынының баяулауына жол бермеу, инфляциялық үдерістерді ырықтандыру, ішкі рынокты ащық-түлік тауарларымен толтыру және осының негізінде халықтың тұрмысын қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасының Үкіметі бірқатар жүйелі және кешенді шаралар қабылдап отыр, осының арқасында қазіргі уақытта елдің азық-түлік рыногындағы ахуалдың тұрақтанып отырған жайы бар. Ішкі рыноктағы азық-түлік қажеттілігін қамтамасыз етуде әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарлары бойынша құрылған тұрақтандыру қорлары үлкен рөл атқарды. Есімізде болса, Үкімет әлемдегі азық-түлік дағдарысының алдын орап, сатылатын бидай мен күріш, өсімдік майы, құрғақ сүт, ет, сары май секілді азық-түлік қорын құрып үлгерген болатын. Елдің ішкі астық нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында 600,0 мың тонна астық сатып алу жоспарланып, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінді. Бұған қоса осы мақсатқа Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы бюджеттен тыс қаржы көздерінен 10,8 миллиард теңге тартылды. Осылайша 2008 жылғы желтоқсан айының 19-ындағы көрсеткіш бойынша 579,6 мың тонна астық алынды. Ал ішкі рынокты өсімдік майымен толық қамтамасыз ету мақсатында Үкімет бірқатар дақылдарды экспорттауға уақытша тыйым салды. Сондай-ақ ұлттық компания оңтүстік өңірде көкөніс кластерін дамыту жұмыстарының аясында «Оңтүстік Қазақстан облысында тамшылап суару технологиясын қолдана отырып, көкөніс өндіруді дамыту» жобасын жүзеге асыра бастады. Қазіргі таңда елде тұрғындардың азық-түлікке деген сұранысын қамтамасыз ету үшін азық-түлік қоймалары мен жылыжайларды іске қосу жұмыстары жалғасуда. Осыған орай ағымдағы 2009 жылы елде «ҚазАгро» холдингінің есебінен сыйымдылығы 34,9 мың тоннаны құрайтын 10 нысанның жұмысы жолға қойылатын болды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің даму институттары Астана аймағына кіретін агроөнеркәсіп кешенінің 142 бизнес-жобасын қарастырып отыр. Ал «ҚазАгроның» еншілес компанияларына құны 23,2 миллиард теңгені құрайтын 74 жоба келіп түскен. Олардың арасында 13,8 миллиард теңге тұратын 58 ұсыныс қабылданды. Қазіргі таңда «ҚазАгро» қаржыландырған кейбір нысандар елорда базарларына ет, жұмыртқа, шұжық, сүт өнімдерін жеткізіп отыр. Мұндай жұмыстар Алматыда да жүргізілуде. Қазір Алматының азық-түлік белдеуін ұйымдастыру мақсатында тиісті жоспарлар құрылуда. Болашақта Алматы мен Астана қалаларының тәжірибесі негізінде еліміздің барлық облыс орталықтары мен қалаларында азық-түлік белдеулері құрылатын болады. Қазіргі таңда қазақстандық астықты сыртқа тасымалдауда Ақтау айлағы жиі пайдаланылуда. Оның өткізу қабілеті жылына 600 мың тоннаны құрайды. Ал астықты сыртқа тасымалдау шараларын жетілдіру үшін қазір Әмірабад (Иран) айлағында астық терминалын құру жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде бұл терминалдың өткізу қабілеті жылына 500-ден 700-ге дейін жетеді. Астық экспортының көлемін арттыру үшін 2007 жылы Қазақстан Каспийдің Әзірбайжан жағалауында арнайы астық терминалының құрылысына инвестиция салуға кіріскен болатын. Бұл терминал іс жүзінде қазақстандық астықты қабылдайтындықтан және ол бірінші кезекте біздер үшін тиімді болғандықтан, Кавказ бен Қара теңіз өңіріне және Жерорта теңізі мен Иранға астық тасымалдау үшін Иранның Имам Хомейни айлағы мен Қара теңізде (Украина), Қытаймен шекарада тап осындай кешендер салу жоспарлануда. Сондай-ақ елімізде ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру үшін «Мал өнімдері корпорациясы» акционерлік қоғамы мен өзге де бірқатар бизнесқұрылымдардың қатысуымен халықаралық стандарттар негізінде заманға сай дамыған инфрақұрылымы бар бордақылау алаңдарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Осындай жұмыстар Алматы облысының Балқаш ауданына қарасты Ақдала ауылында және Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданының Янайкино ауылында да жүргізілуде. Бұл кешендердің қуаттылығы жылына 5 мың бас малдан 1 мың 100 тонна ет өндіре алады. Бұған қоса, ағымдағы жылы республика бюджетінен сүт және
ет өндіру бағытындағы ірі мал шаруашылығы фермаларына қажетті құралдар алу үшін 5,270 миллион теңге бөлінді. Осы уақытта «ҚазАгроқаржы» акционерлік қоғамы құны 4,671 миллион тұратын 6 мегаферманың жобасын мақұлдап, тағы 1 жұмыс істеп тұрған мегаферманы қаржыландыруға келісім берді. Сонымен бірге, бірқатар мемлекеттердің компанияларымен асыл тұқымды мал түрлерін жеткізу жөнінде келісім жасалды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін сыртқа кеңінен экспорттауға күш салынуда. Сонымен қатар осы жұмыстардың арқасында халықаралық стандарттарға негізделген ірі мал бордақылау және сүт өңдеу кешендерін ашып, осы бағыттағы кәсіпкерліктің де дамуына мүмкіндік туады. Өткен жылы сондай-ақ экономиканың аграрлық секторының заңнамалық базасын әрі қарай жетілдіру жөніндегі жұмыстар да жүргізілді. Осы шаралардың аясында ҚР Парламентіне "Кейбір заңнамалық актілерге азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Кейбір заңнамалық актілерге астық нарығын реттеу және агроөнеркәсіптік кешеннің жекелеген бағыттарын мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" екі заң жобасы жіберілді.