Үкіметтің 2016 жылы атқаратын жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру саясаты қандай болмақ?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Табалдырықтан жаңа аттаған Мешін жылы қазақ үшін қай жағынан алғанда да ерекше болғалы тұр. Ең алдымен елдің экономикалық даму тұрғысынан келсек, бұл жылы Қазақстан ДСҰ секілді әлемдік алпауыт ұйымның жаңа мүшесі ретінде жаңа құқықтық-саудалық режимге көшеді. Бұл еліміз үшін тосын түйткілдерге толы үлкен тәжірибе. Оның үстіне әлемдік дағдарыс дауылы, сыртқы экономикалық факторлар еліміздің дамуына өз өрнегін салатыны да белгілі. Сондықтан да, жаһандық дағдарыстың жаңа жағдайларында экономикалық өсімді құлдыратпау үшін атқарушы биліктен бұрынғыдан да белсенділік талап етілетіні де анық.
None
None

Ендеше жаңа кірген Мешін жылы еліміздің дамуы үшін қай жағынан алғанда да аса маңызды жыл болатыны сөзсіз. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаһандық дағдарыстың жаңа жағдайларында Қазақстан дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап берген болатын. Елдің дамуына кедергілерді жойып, жаңа мүмкіндіктерді іздестіру жөнінде де нақты міндеттер қойылды. Соның аясында Қазақстан 2016 жылдан бастап нақты іске асатын реформалардың заңдық негізін қалады. Яғни, биылдан бастап ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу перспективаға арналған іс-қимыл жоспарының өзегі ретінде «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспары нақты көрініс ала бастайды.

Ал, кеше ғана есігін жапқан Қой жылының аяқталар тұсында Үкімет пен Ұлттық банк 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын бекіткен болатын. Президент құптаған Дағдарысқа қарсы басты бағдарлама маңызды үш бағыттан тұрады, олар: Біріншіден - экономикалық өсім. Екіншіден - экономиканың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін реформалар. Үшіншіден - қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту жолымен дамыту. Тұтастай алғанда ел экономикасын одан әрі дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруда Үкімет пен Ұлттық Банктің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары маңызды және шешуші қадам болып табылады. Дағдарысқа қарсы жоспар қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекені ынталандыру, инвестициялық және әлеуметтік саясат жөніндегі шараларды, сондай-ақ, 100 нақты қадам - Ұлт жоспары шеңберінде реформаларды тереңдету жөніндегі шараларды қамтып отыр. Осыған байланысты Елбасы тапсырмаларына сәйкес жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру үшін Үкіметтің ағымдағы жылы атқаратын шараларына тоқталуды жөн санадық.

Бірінші - қаржы секторын тұрақтандыру

Бұл ретте Ұлттық Банк пен Үкіметтің орта мерзімді перспективадағы негізгі мақсаты инфляцияны 2016-2017 жылдары 6-8 пайызға дейін, 2018 жылы 5-7 пайызға дейін, 2019 жылы 4-6 пайызға дейін және 2020 жылы 3-4 пайызға дейін төмендету болып табылады. Осыған орай, 2016 жылғы сәуірде базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізілетін болады. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталады. «Мұндай қадам ақша-кредит саясаты операцияларының тиімділігін арттыруға және оның ақша нарығының мөлшерлемелеріне ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Үкімет жұмыс істемейтін кредиттер тұрғысынан банк секторының барлық субъектілеріне жүргізілген күйзеліс-тестілеудің нәтижелері бойынша қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2016 жылғы қыркүйекке дейін оларды мойындау және есептен шығару жөніндегі шаралар қабылданатын болады. Бұдан бөлек, зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру мақсатында 2016 жылғы наурызға дейін зейнеткерлік активтерді инвестициялау тәсілдері қайта қаралатын болады және 2016 жылғы шілдеге дейін зейнетақы қорларының активтерін қазақстандық немесе шетелдік жекеменшік компаниялардың басқаруына беру тетіктері әзірленетін болады. «2016 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Проблемалы кредиттер қоры және басқа да қаржы институттары Ұлттық Банктің бақылауынан шығарылады», - деп түсіндіреді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, экономиканы долларсыздандыру мақсатында Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп экономиканы долларсыздандыру және корпоративтік құнды қағаздар нарығын дамытуды және биржалық сауданы теңгелей қаржы құралдарымен ынталандыруды, ел аумағында сатылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын және олардың жарнамасындағы бағаларды ұлттық валютамен ғана белгілеуді және көрсетуді қоса алғанда, теңге құралдарының тартымдылығын арттыру жөніндегі шаралар кешенін қабылдайды.

Екінші - бюджет саясатын оңтайландыру

Бұл ретте мемлекеттік шығыстарды қатаң үнемдеу, олардың тиімділігін арттыру және Ұлттық қордың қаражатын ұтымды пайдалану бюджет саясатының негізгі мақсаттарына айналады. Осыған байланысты, 2016 жылғы сәуірге дейін Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасының және Бюджет кодексінің жобалары жаңа редакцияда әзірленетін болады. Сонымен қатар, 2016 жылғы наурызға дейін Бюджет кодексіне қолма-қол ақша тапшылығын жабу үшін жергілікті атқарушы органдардың үш жылға дейінгі мерзімге Үкіметтен қарыз алуын көздейтін толықтырулар енгізілетін болады. Бұдан бөлек, 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 2016 жылғы сәуір-тамызда тиімсіз шығыстарды және жеке сектор қаржыландыруы мүмкін шығыстарды алып тастау арқылы бюджет шығыстарын оңтайландыра отырып, республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізіледі.

Сондай-ақ, Үкімет бюджеттен күрделі шығындарды қаржыландырудың сервистік моделін қолдану мүмкіндігі үшін 2016 жылғы наурызға дейін үлгілік сервистік келісімшартты әзірлеуді қамтиды. Ал салық жүйесін түбегейлі реформалау мақсатында қосылған құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізуді, салық режимдерін үш деңгейге дейін оңтайландыруды, тиімсіз салықтық жеңілдіктерді жоюды, сондай-ақ салық саласының ашықтығы мен салықтық әкімшілендіру тиімділігін арттыруды көздейтін біріктірілген Салық және Кеден кодексінің жобасы 2016 жылғы 1 қыркүйекке дейін Парламентке енгізіледі.

Үшінші бағыт - жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру

Айта кетерлігі, Үкімет 2015 жылы 22 желтоқсанда Yellow Pages Rules қағидаттарына сәйкес акцияларының елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар жүзеге асыра алатын қызмет түрлерінің тізбесін бекіткен болатын. «Бәсекелестік пен жеке капиталды дамытуды ынталандыру үшін 2016 жылғы ақпанға дейін монополияға қарсы ведомствоның мәртебесі мен оның жұмыс тәртібін айқын регламенттей отырып, монополияға қарсы заңнаманы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына сәйкестендіруді көздейтін заң жобасы әзірленетін болады. Ал 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап үстем немесе монополиялық жағдайға ие Нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімі жойылатын болады. Сонымен бірге, 2016-2017 жылдары табиғи монополиялардың базалық субъектілері шекті (ұзақ мерзімді) тарифтер бойынша жұмысқа көшіріледі», - дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, экономикадағы мемлекеттің рөлін төмендету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетін болады. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор объектілерін мемлекет иелігінен алуды және жекешелендіруді жандандыруға бағытталған Заңға 4 желтоқсанда қол қойған болатын. Соған сәйкес, жекешелендіруге, активтерді әділ нарықтық құнымен сатуға, шектеулер алып тасталды, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік инвесторлардың жекешелендіруге барынша көп қатысуы үшін жағдайлар жасалып отыр. Сонымен қатар, 2015 жылғы 25 желтоқсанда Үкімет жаңа Жекешелендірудің 2016 - 2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдап, соның шеңберінде тізбелер бекітілген еді.

Жекешелендіру саясаты аясында 2016 жылғы 1-ші тоқсанда иеліктен шығаруға жатпайтын нысандардың тізбесі қысқартылады және барлық акционерлердің квазимемлекеттік сектордың иеліктен шығарылған активтерді сатып алуға басым құқықтарын алып тастауды көздейтін Заң жобасы әзірленеді. Бұдан бөлек, 2016 жылғы қаңтарда жекешелендіру процесін қолдау және мониторінгілеу үшін халықаралық консультанттарды тарта отырып, Үкімет жанынан арнайы Жобалық офис (Delivery unit) құрылатын болады. Сондай-ақ Бірыңғай ақпараттық саясат шеңберінде әрбір нақты кәсіпорынның мақсатын жіті сипаттай отырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры», «ҚазАгро» және «Бәйтерек» акционерлік қоғам объектілерін қоса алғанда жекешелендіру бойынша кең ауқымды PR-кампания жоспары әзірленетін болады.

«2016-2018 жылдары ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын өзгерту жалғасады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2016 жылғы желтоқсанға дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы активтері бәсекелі ортаға көшкеннен кейін, оларды шағын холдингтер етіп қайта құру бойынша ұсыныстар дайындалатын болады. 2016 жылғы мамыр айына дейін талдаулар жүргізіліп, оның нәтижелері, қажет болған жағдайда бойынша заңдастыру шарттары және оның қатысушыларына кепілдіктерді күшейту бойынша ұсыныстар енгізілетін болады. Оңалту және банкроттықтың, сондай-ақ төлем қабілетсіздігін реттеудің жаңа тетіктерін іске асыру мақсатында 2016 жылғы қаңтарда тиісті Іс-қимыл жоспары қабылданатын болады және наурызға дейін жеке тұлғалар банкроттығы институтын енгізу бойынша заң жобасының тұжырымдамасы әзірленбек»,- дейді министр Ерболат Досаев.

Түйіндей айтқанда, Үкімет Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары аясында алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін нақты тетіктерге кіріспек. Үкімет бекіткен жоспармен қоса «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы, «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру ең алдымен жаһандық дағдарыс жағдайындағы сын-қатерлерді еңсеріп, экономиканы одан әрі дамытуға және халқымызды әлеуметтік жағынан қолдауды сақтап қалуға бағытталып отыр. Осы тұста экономиканың сыртқы дағдарыстық құбылыстар әсеріне қарамастан, Елбасының тапсырмасы бойынша 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақыға индекстеу жүргізіліп, жәрдемақылар мен стипендиялар, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыскерлердің жалақысы көбейтіліп отырғанын да атап өтуге болады.

Соңғы жаңалықтар