Үкіметтің ағымдағы жылғы экономикалық саясаты ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталмақ

Жалпы, атқарушы биліктің мұндай тәжірибені жолға қойғандығына біршама жыл болды және ол өзінің тиімділігін көрсетіп келеді.
«Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, Үкіметтің Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын қадағалау агенттігімен жылдың басынды алдыда тұрған маңызды міндеттерді белгілеп алуы экономикалық тұрғыдан алғанда өте пайдалы болып отыр. Осылай өзара үйлесімде жұмыс істеудің нәтижесінда Қазақстан дағдарыстың теріс салдарын тиімді еңсере алды, сөйтіп бүгінде «дағдарыстан кейінгі даму жолына» жаңылмай түсті.
Сонымен атқарушы биліктің ағымдағы жылғы экономикалық саясатының негізгі бағыттары қандай, соған тоқталсақ. 2011 жылы Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің жүргізетін экономикалық саясат ең алдымен Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталатын болады. «Бәсекеге қабілеттілікті арттыруға макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инветициялық және бизнес ахуалды, институционалдық дамуды, технологиялық және инновациялық даму деңгейін, елдің адами ресурстарының даму сапасын жақсарту, сондай-ақ Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде сауда кедергілерін азайту және экономикалық ықпалдасуды кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады», - деді сейсенбідегі Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова.
Оның айтуынша, екіншіден - индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде экономиканы әртараптандыруға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға күш салынады. Бұл орайда 2011 жылы Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде экономиканың қайта өңдеу секторларына және елдің инфрақұрылымын дамытуға ішкі және сыртқы инвестициялық ресурстары барынша жандандырылатын болады, Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңа индустриялық және инновациялық жобалар қосымша іске қосылатын болады. Үшіншіден - экономикалық саясат жұмыспен қамтудың тұрақтылығын және халық табысының өсуін қамтамасыз етуге бағытталады. «Үкiмет халықтың әл-ауқатын арттыру және халықтың әлеуметтiк осал топтарын қолдау жөнiндегі шараларды қабылдауды жалғастырады. 2011 жылы бюджет саласында жалақыны және әлеуметтік шығыстарды өсіру көзделген. 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының 30 пайызға артуын ескере отырып, оның ең төменгі мөлшері 24047 теңгені (базалық зейнетақыны ескере отырып), орташа мөлшері - 36205 теңгені (базалық зейнетақыны ескере отырып) құрайды. Ағымдағы жылы әлеуметтiк жәрдемақылар мен төлемдер мөлшерi ұлғаяды. Бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға артады», - деді Жанар Айтжанова.
Министр атап көрсеткеніндей, төртіншіден атқарушы биліктің экономикалық саясаты - білім беруді, денсаулық сақтауды және тілдерді дамытуды қоса алғанда, адами капиталды дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға бағытталатын болады.
Бүгінде, қарапайым халықты азық-түлік өнімдері бағасының негізсіз өсіп жатқаны қатты алаңдатып отыр. Мәселен, Қоян жылы табалдырығымызды аттар-аттамастан республикамыздың өңірлерінде азық-түлік бағасы күрт көтеріліп кетті. Жаңа жыл жақындағанда-ақ кейбір өңірлерде, әсіресе Астана, Алматы, Өскемен қалаларында жекелеген азық түрлерінің, атап айтқанда ет пен сүт өнімдері бағасы ырыққа көнбей, қымбаттады. Бұл үдерісті тоқтату үшін сақтық шаралары қабылданбаса, биыл көтерілген және көтерілгелі отырған жәрдемақы мен жалақыны инфляцияның жеп қоюы әден ықтимал. Сондықтан да ішкі нарықта бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуді реттеу және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету 2011 жылғы экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болады. «Бұл үшін Үкімет және жергілікті атқарушы органдар тарапынан көтерме (коммуналдық) азық-түлiк базарларын және сауда инфрақұрылымын дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен молықтыру, табиғи монополия субъектілерінің қызметіне баға белгілеуді реттеу жұмыстары жалғастырылады. Бұдан басқа, бәсекелестікті қорғау, жосықсыз бәсекені анықтау мен оның жолын кесу, баға жөнінде мәміле жасасу, нарық субъектілерінің өзінің үстем жағдайын теріс пайдалану, алыпсатарлық бағаның өсуі, өнім өндіруші мен түпкі тұтынушылар арасындағы аралық буындарды қысқарту жұмыстары күшейтіледі», - деді Ж. Айтжанова.
Ал жалпы, Үкімет 2011 жылы ЖІӨ-нің 4-5 пайыз нақты өсуін, инфляцияны 6-8 пайыз деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Ішкі істер органдарына реформа жүргізілмек
Осы аптада бірқатар министрліктер мен агенттіктердің кеңейтілген алқа мәжілістері өтті. Онда олардың 2010 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы шығарылып, 2011 жылғы міндеттері белгіленді. Оның бірі Мемлекет басшысының, басқалары Үкімет басшысының қатысуымен өтті. Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісіне Президенттін өзі қатысты. Онда Елбасы министрлік алдына саланың қызметін реформалауға мүмкіндік беретін бірқатар міндеттер жүктеді. Мемлекет басшысы сөзінде құқық қорғау саласының қоғамымыздың даму көшінен қалып қойғандығын атап көрсетті. «20 жылда бәрі - экономика да, саясат та, мәдениет саласы да, еліміздің халықаралық салмағы да, бәрі-бәрі өзгерді. Ел басқа, халық басқа! Бірақ құқық қорғау жүйесі дәл сондай қарқынмен өзгеріске түсуде деп айтуға болмайды», - дей келе Президент құқық қорғау органдарын оңтайландыру жүргендігін айтты.
Кейбір құрылымдық бөлімшелерді ірілендірліп, орталық аппаратты қысқарту есебінен, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалпы саны 15 пайызға азайтылды. Ал келер жылдың басынан бастап, мыңдаған адамдар погондарынан айырылады. Сот приставтары, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, Көлік және коммуникация министрліктерінің жүйесіндегі (мәселен, орманға, авицияға жауапты) қызметкерлердің жекелеген санаттары барлығы да погондарынан айырылады. Сөйтіп, қоғамдық тәртіпті күзетумен және қылмыспен күресумен тікелей әрі оперативті түрде айналысатын адамдар ғана погон тағау құрметіне ие болады. Бірақ погон арқылы жалақыға қосылатын үстемеақы сол күйінде сақталады. «Бізде погонды аспаз да, бухгалтер де, жүргізуші де тағады. Олар жалданып, жалақы алу үшін келген адамдар. Сендер өздерің әскери атақтың қадірін кетіріп жатырсыңдар», - деді Президент. Сондай-ақ Елбасы айықтырғыштардың Денсаулық сақтау, ал жасөспірімдерді уақытша оқшаулау орталықтарының Білім және ғылым министрлігіне, ал көші-қон саласын реттеу ішкі істер органдарының құзырына кіргендігін атап өтті. Бұған қоса Президент «Ішкі істер органдары туралы» заңның елдегі жағдай басқаша сипат алып тұрғанда қабылданғандығын айтып, енді ішкі істер органдарының қызметін реттейтін жаңа құжат қабылдау қажеттігін айтты.
Индустриялық саясат жөніндегі жаңа заң әзірленбек
Әділет министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов халыққа қызмет ету орталықтарының Әділет министрлігінен жергілікті атқарушы органдарға беру олардың жұмысына теріс әсер еткендігін айтып, оны Байланыс және ақпарат министрлігінің құзырына беру қажет деген тұжырымын жеткізді. Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына келгенде оның Әділет министрлігіне немесе әкімдікке қарайтындығында жұмысы жоқ. Ең бастысы, жұртшылыққа сапалы әрі жылдам қызмет көрсетілуі тиіс және бұл мәселені жаңа тұрпатты көзқараспен, электрондық үкімет аясында шешкен абзал. Жалпы алғанда халыққа қызмет көрсету орталықтарын орталықтандыру мәселесі әлі де күн тәртібіне шығуы мүмкін. «Себебі жұртшылыққа сапалы қызмет көрсету жұмыстарын ұдайы жетілдіріп отыруымыз қажет»,-деді К.Мәсімов.
Отырыс барысында Үкіметбасы министрлік өкілдеріне 2012 жылдан бастап іске кірісетін Бірыңғай экономикалық кеңістік жұмысына жан-жақты дайын болу керектігін ескертті. «Ең бастысы - бұл үдеріске қатысушылар, яғни кәсіпорындар мен ел азаматтары кеңістіктің мүмкіндіктерін жан-жақты түсінулері тиіс. Сонымен қатар Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру бойынша, бірқатар келісімдерге қол қойылды. 2011 жылы біз келісімдердің ратификациясын Парламенттен өткізуіміз қажет», - деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әділет министрлігінің өкілдеріне индустриялық саясат жөніндегізаң жобасын әзірлеуді де назардан тыс қалдырмау қажеттігін айтты. «Индустриялық саясат жөніндегі негізгі заң әлі Парламентке енгізілген жоқ, жобаны әлі де болса пысықтай түсу қажет. Заң жобасының басты әзірлеушісі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі. Дегенмен Әділет министрлігі заң шығармашылығы бойынша осы бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетулері тиіс»,-деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Педагогтардың жалақысы жеке еңбек секторындағы еңбекақы деңгейіне жетет3н болады
Ал Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде министр Бақытжан Жұмағұлов 2010 жылы елде 93 мектеп салынып, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде 103 мектеп іске қосылғанын айтты.
Министрлік болашақтағы міндеттерінің аясында мұғалімдердің мәртебесі көтеруге күш салмақ. Алқалда айтылған жағымды жаңалықтардың бірі - 2015 жылға қарай педагогтардың жалақысы жеке еңбек секторындағы еңбекақы деңгейіне жетеді. Сондай-ақ педагогтарға қойылатын талап та күшейеді. Бұдан былай педагог мамандықтар бойынша жоғарғы оқу орнына түсу кезінде педагог қызметіне икемділік деңгейін анықтауға арналған шығармашылық емтихан өткізіледі. Сондай-ақ білім 12 жылдық білім беру жүйесіне көше де жоспарда тұр. «Алайда оған дейін, яғни 2013 жылы 12 жылдық білім беру моделінің бағдарламасы бойынша оқулықтар әзірленіп, 2014 жылы сараптамадан өтеді. Сөйтіп, 2016-2016 оқу жылында 1,5,11 сыныптар, 2016-2017 жылы 1,2,5,6,11,12 сыныптар 12 жылдыққа көшеді. Ал 2017-2018 жылы 10 және 8-сыныптардан басқа сыныптар көшсе, 2019 жылы барлық сынып осы жүйемен оқитын болады. 12 жылдық білім беру моделінің талабына сәйкес, мектептердің спорт залдары қазіргі заманға сай жарақтандырылады»,-деді министр.
Б. Жұмағұлов Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермейтінін мәлімдеді. «Ұлттық бірыңғай тестілеуді жетілдіру қажет. Бүгінде оны екі кезеңге бөлу туралы ұсыныс жасалып отыр. Алайда талдау жұмыстарының нәтижесіне қарағанда, ҰБТ-ның қазіргі кездегі форматы оң рөл атқаруда және оны қоғам қабылдап отыр. Сондықтан да қазіргі кезеңде оның форматы өзгермейді. Бұл Үкімет тарапымен де келісілді»,-деді министр. Министрлік биыл жастар мәселесін мықтап қолға алмақ. Осыған қарай алқа мәжілісіне қатысқан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов министрлік өкілдеріне «Студенттік баспана» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Асыл тұқымды малды өсіретін мамандарды даярлау бағдарламасын әзірленбек
Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерден Ауыл шаруашылығы саласы да кенде емес. 2010 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісінің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 88,3 пайызды құраған. Сондай-ақ қайта өңдеу саласының даму көрсеткіші 13 пайызға жеткен. Соңғы екі жылда «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге 13152 маман келген. «Ауыз су» салалық бағдарламасының арқасында суды сырттан тасып ішетін ауыл тұрғындарының саны 445 мыңнан 83 мыңға дейін қысқарған. Министрлікке қарасты «ҚазАгро» холдингі 2011 жылғы егіс науқанын қаржыландыруды бастап үлгерген. Бұл мақсатта бұл мақсатта несиелендіру және мемлекеттік қорға астық сатып алу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 78 млрд. теңге бөлінді. Сонымен бірге, банктік кепілдемелер бергені үшін екінші деңгейлі банктердің комиссиялық жарналарының көлемін төмендету жөнінде Қаржыгерлер қауымдастығымен келісім жасалды.
Отырыста Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ведомство басшылығына отандық өсімдік өсіру және астық өндіру саласына жаңа технологияларды енгізуді жұмысын жалғастыруды жүктеді, сондай-ақ асыл тұқымды малды өсіретін мамандарды даярлау бағдарламасын әзірлеу, сонымен қатар облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге құжаттық түгендеу жасап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің инвентаризациясы мәселесін қарастыру жөнінде тапсырма берді.