Үкіметтің әлеуметтік бағдары дағдарыс жағдайында айқын көрініп келеді

АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі күні әлемдік қаржы дағдарысының салқынынан жапа шеккендер қатары артып келеді. Дүниедегі алпауыт компаниялар мыңдаған жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр болса, кейбір жекелеген мемлекеттер халық алдындағы әлеуметтік міндеттеріне сызат түсіріп алуда. Әрі бұндай келеңсіздікке ең алдымен жұртшылықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы ұрынып отыр.
None
None
Ал Қазақстан Үкіметі дағдарыстық қиындықтарға қарамастан әлеуметтік бағыттағы міндеттерін толық орындаудан тайған жоқ. Нақтыланатын бюджет туралы мәселеде, басқа да әңгімелер қатарында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұл туралы әлденеше рет қайталап айтып келеді. Соның ішінде жедел уақытта шешімін табуы тиіс мәселенің бірі ақылы негізде білім алатын студент қауымының жағдайына қатысты болатын. Елбасының «Нұр Отан» ХДП Саяси Бюросының кеңейтілген отырысында жүктеген тапсырмасына сәйкес бұл мәселе де шешімін таппақ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, республикамыздағы 140 жоғары оқу орнында 633 мың 814 студент оқиды екен. Олардың 118 мың 629-ы грант бойынша, 505 мың 323-і ақылы негізде білім алады. Алайда, жоғары оқу орындарында білім ақысының көтерілуіне және әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайына байланысты көптеген студенттер мен ата-аналар оқу ақысын төлей алмайтын күйді бастан кешіріп отыр. Алматы қаласының белді 10 жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жатқан студент омбудсмендерінің мәліметі бойынша, 2008-2009 оқу жылының күзгі кезеңінде Алматы қаласында оқу ақысын төлемегендіктен 85 мыңнан астам студент кезекті емтиханға жіберілмеген. Енді Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан шараларға тоқталып өтсек. Елбасы тапсырмасына сәйкес, еліміздің жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын студенттерді қолдау мақсатында үшінші курстан бастап оқу озаттарына арналған қосымша мемлекеттік білім беру гранттары бөлінетін болады. Яғни, республиканың ақылы бөлімдегі 12 мыңнан астам студенті өз оқуларын жалғастыра алады деген сөз. Бұдан басқа, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан, ақылы негізде білім алатын үлгерімі жоғары студенттер үшін техникалық және медициналық мамандықтар бойынша бірінші курстан бастап ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие де қарастырылмақ. Техникалық және медициналық саланың бұлай ерекшеленгені негізінен маман тапшылығы дәл осы бағытта сезілгендіктен болып отыр. Сонымен, Үкімет қаулысына сәйкес, наурыздың 1-інен бастап студенттерге қосымша білім беру гранттары мен ұзақ мерзімді жеңілдікті несие жүзеге аса бастайды. Бұл бағытта бюджеттен шамамен алғанда 3 миллиард теңгеден астам немесе 20 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы көзделеді. Ендігі бір мәселе - Қазақстандағы оқу орындарының бағасын төмендетуге қатысты болуы тиіс. Шындығында, қатарынан бірнеше жыл көтеріліп, бірақ әлі күнге оң шешімін таппай отырған өзекті мәселенің бірі осы ? оқу орындарының бағасына қатысты. Есте болса, осыдан біраз жыл бұрын Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев жаңағы білім ақысын көтеру туралы бастамасы үшін орнынан алынған секілді еді. Бірақ министр кеткенімен мәселе шешілді ме?! Тіпті, соңғы жылдары жоғары оқу орындарындағы төленетін ақының мөлшері негізсіз көтерілген деген пайымдаулар да баршылық. Мәселен, республикамыздағы кейбір оқу орындарындағы ақылы білім Еуропа, Азия елдеріндегі алдыңғы қатарлы саналатын Оксфорд, Бейжің университеттерінің ақылы мөлшерінен де асып түскен. Ал бұндай білім ошақтарындағы білім сапасы ше, төленетін ақының мөлшеріне сай келе ме? Сондықтан да, ендігі күні Үкімет тарапынан қолға алынып, тексеруді қажет ететін мәселенің бірі осы шығар. * * * Осы аптада Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады. Тексеруді тоқтата тұру кезеңі былтырғыдай жыл соңына дейін емес, алты айды - ақпанның 17-ісі мен шілденің 6-сы аралығын қамтып отыр. Ал салық органдары тарапынан кәсіпкерлік нысандарын тексеру шарасы субъектілердің банкроттық жағдайында немесе құқық қорғау органдарының сұрау салуына орай, сондай-ақ, заңсыздықтарды болдырмау мақсатында ғана жасалатын болады. Әрине, бұл шара ел экономикасындағы қиындықтар кезінде шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталып, осы туралы отандық бизнес қауымдастығының өтінішін қанағаттандыру мақсатында жасалып отыр. Бір жағынан мемлекет мораторий арқылы бизнестің еркін әрекет етуіне, кәсіптердің «көлеңкелі сектордан» шығып, адал бәсекеге түсуге шақырады. Дегенмен де, мораторий мәңгілік емес, уақытша дүние әрі тексерулерге шектеу қойылғанымен де ондай тексерулер қажет болса мораторий мерзімі біткеннен кейін қайта жалғасады. Осындай уақытша нәрседен қандай қорытынды шығаруға болады. Ал шын нәтижеге жету үшін Үкімет пен бизнес қауымдастығы ынтымақтастық бағытындағы өз міндеттерін толық орындай отырып, одан кейінгі кезеңдерде өркениетті елдердегідей оңтайлы саясатқа қадам басулары қажет. Сондықтан да, атқарушы билік шағын бизнестің қанат жаюына қатысты оңтайландыру шараларын әлі де жетілдіре түсуі керек. Бұл әсіресе, кәсіпкерлікке қол байлау болатын кедергілерді барынша азайтатын дамыған елдердегі үлгіні ұстануға итермелейді. Осы тұрғыда бұрыннан айтылып келе жатқан лицензиялау, бірін-бірі қайталайтын әкімшілік тексерістерді жою, айыппұл көлемін төмендету немесе басқа тетіктерді іске қосу секілді шаралар әлі де болса жүзеге асса игі. Бірақ, осы шарамен қоса Үкімет «көлеңкелі» бизнеспен күресуді жандандырып, салықтан жалтарушыларға қатысты саясатын қатайта түсуі қажет. Ал кәсіпкерлер болса, адал бәсеке үшін шынайы бизнестік салтты қалыптастыра отырып, мемлекет алдындағы борыштарын, ең алдымен заң аясында талап етілетін міндеттемелерді толық орындағаны ләзім. Бұлай болмаса мораторийді сағызша созғылай берудің ешқандай да тиімділігі болмайды. Осы ретте, өткен жылғы мораторий нәтижесіне көз жүгірте кетейік. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, салық органдары республика бойынша 73 мың 984 кешенді тексерулер жүргізді. Оның ішінде 21 мың 500 заңды тұлға және 52 мың 185 жеке кәсіпкер тексеруден өткен. Бұндай мораторий жағдайындағы тексерулер негізінен кәсіпорынның банкроттық жағдайында немесе құқық қорғау органдарының сұрау салуына сәйкес атқарылған. Ал тексерулер нәтижесінде жалпы сомасы 400 млрд. (!) теңгені құрайтын қаражаттың бюджетке түспей қалғаны анықталған. Салық комитетінің мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта бұл қаражаттың тек 30 млрд. теңгесі ғана өндіріліпті. Қалған сома бойынша салық органдары сотқа шағымдану арқылы қосымша 50-ден 100 млрд. теңгеге дейін бюджетке түсіруді жоспарлап отыр. 400 млрд. теңге дегеніңіз аз қаражат емес. Және бұл тек қана бюджетке түспеді деп анықталған қаражат. Сонымен бірге, салық органдары мораторийді теріс пиғылда пайдаланғандардың болғанын растайды. Мәселен, былтырғы жылы ешқандай да тексерудің болмайтынын білген кәсіпкерлер мерзім біткенше өздерінің кәсібін қағаз жүзінде тоқтатқан. Ешқандай да тексеру болмайтынын білгендіктен, олардың бизнесі іс жүзінде қалыпты жұмыс істейді, пайда әкеледі, бірақ қағаз жүзінде «жабылғандықтан» бюджетке салық төлемейді. Бұл бір. Екіншіден, Алматы қаласы мен Алматы облысының өзінде біршама жылдар бойы салықтан жалтарған деген күдікке ілінген 100-ден астам ірі кәсіпорындар бар көрінеді. Ондай әрбір кәсіпорынның айналымдағы қаражаты 10 млн. теңгеден астам болып отыр. Осының өзі біршама жайдың бетін ашады. Сондықтан да, Үкімет ендігі кезекте шағын бизнеске оңтайлы жол аша отырып, кедергілер мен тексерістерді мүмкіндігінше азайту шараларын қолға алуы қажет. Тіпті салықтық жеңілдіктерді де кеңейте түскен орынды. Өйткені шағын бизнес салықтық резервтер ғана емес, жұмыссыздықпен күрестің ең тиімді тетігі. Шындығында, әлем елдері дағдарыстың кейінгі толқыны жаппай жұмыссыздыққа байланысты туындап кетуі мүмкін деген үрейді бастан кешіруде. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекет бизнеске қарайғы қадамын нық басқаны оңды құбылыс болып отыр. Ал өз кезегінде бизнес өкілдері салыққа да, басқаға да қатысты заң талаптарын орындау құлқын таныта білгені орынды.
Соңғы жаңалықтар