12:21, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында БТА Банк 1 млрд. 700 млн. долларға, Альянс банк 200 млн. долларға қосымша қаржыландырылады
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында БТА Банк 1 млрд. 700 млн. долларға, Альянс банк 200 млн. долларға қосымша қаржыландырылады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қаржы секторы туралы айтатын болсақ, өткен жұмада «Қазкоммерцбанк» пен Халық банктің әрқайсысына 1 млрд. доллардан аударылды. Бүгін біз күн соңына дейін 1 млрд. 700 млн. долларды БТА Банкке, 200 млн. долларды Альянс банкке беру туралы шешім қабылдадық. Шамамен 4 млрд. доллар бүгінгі күннің соңына дейін жүйе құрушы банктерге түсіп, олар арқылы экономикадағы проблемаларды шешуге жұмыс істей бастайды», деді Үкімет басшысы өз сөзінде. Айта кетейік, Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» қоры арқылы еліміздегі жүйе құрушы ірі 4 банкке беріліп отырған 4 млрд. доллар шағын және орта бизнесті дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге, индустриялық-инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатын болады.