15:42, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкіметтің ең маңызды басым бағыты жұмыспен қамту мәселесі болып қала береді ? К. Мәсімов
АСТАНА. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дағдарыс жағдайында Үкіметтің ең маңызды басым бағыты жұмыспен қамту болып қала береді. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлемдік дағдарыстың «салқынына» орай, Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына ең алдымен халықты жұмыспен қамту мәселесін қойып отыр. Қосымша жұмыс орындарын ашу мәселесі әрі негізсіз жұмыс орындарын қысқартпауды қадағалау Үкіметтің басым бағыттарының бірі болып табылады. Өйткені бүгінгі жағдайда өндірісті сақтап қалу, жұмыс орындарын қалыпты ұстау маңызды болып отыр. Сондықтан да Үкіметтің және барлық облыстардағы әкімдіктердің жұмыспен қамту бағдарламасы, жаңа жұмыс орындарын ашу бірінші орында тұр. Әрбір облыс әкімінде дағдарысқа қарсы бағдарлама жасақталды. Ал экономиканың локомотиві болып табылатын ірі кәсіпорындар ешқандай қысқартулар болмайды деген міндеттеме алды», - деді К. Мәсімов.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы бүгінгі теңге девальвациясының отандық тауар өндірушілер үшін нақты қолдау болып отырғанын айтып, бұның өзі қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын атап өтті. «Яғни, жеке кәсіпорындар осы мүмкіндікті қалт жібермей жұмысшыларды қысқартпауы, әрекет етіп қалуы тиіс», - деді Премьер-Министр.