Үкіметтің кәсіпкерлікті «көлеңкеден» шығару үшін қолданып жатқан шаралары әлі жеткіліксіз
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау барысында Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сөз арасында комитет төрағасы Үкіметтің дағдарыс жағдайындағы негізгі шараларына тоқтала келе, бұл ретте көлеңкелі нарыққа қатысушыларды өз қызметін заңды негізде жүргізіп жатқан адал бизнеске шығарып, республиканың салық базасын ұлғайту көзделгеніне тоқталды. «Алайда, біздің талдауларымыз көрсеткеніндей шаруашылық субъектілерін «көлеңкеден» шығару үшін қолданылып жатқан шаралар әлі де жеткіліксіз болып отыр. Соның салдарынан жалған кәсіпкерлік қызметі артып, бюджеттің шеккен шығыны ұлғая түсуде. Мәселен, 2008 жылы мұндай шығын 81 млрд. теңге болса, былтырғы 2009 жылы 25 пайызға өсіп, 101,2 млрд. теңгені құрады. Бұл тек тексерулер нәтижесінде анықталғаны. Салық органдары осы шығындардың тек бір бөлігін, яғни 21,3 млрд. теңгесін ғана қалпына келтірген», деді О. Өксікбаев.