Үкіметтің, министрліктердің жиындары қашан қазақ тілінде өтіп, Парламент қарауына түскен заң қазақ тілінде дайындалады? - О.Асанғазы

АСТАНА. 27 ақпан. ҚазАқпарат -Үкіметтің, министрліктердің жиындары қашан қазақ тілінде өтіп, Парламент қарауына түскен заң қазақ тілінде дайындалады?
None
None

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП-ның кеңейтілген фракция отырысында халық қалаулысы Оразгүл Асанғазы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке осындай сұрақ қойды.

«Министрліктердің ағымдағы жылы алқа мәжілістері өтті. Сол алқа мәжілістері, Мәдениет және ақпарат, сонымен қатар  тағы да бір-екі министрліктен басқасының барлығында да орыс тілінде өрбіді. Бізге, Парламентке заңдар келіп жатыр, қараймыз. Барлығы орыс тілінде дайындалған, қазақ тіліндегі аудармасы сапасыз. Ал енді комитет жұмысы қазақ тілінде өтіп жатқанда келген вице-министрлер қазақша сұраққа орыс тілінде жауап береді. Былтыр Елбасы 2017 жылға қарай қазақ тілінің қолданылуы 80 пайызға жетеді деген еді. Оған бес-ақ жыл қалды. 5 жылдан кейін барлығы қазақша сөйлейтін, қазақша жазатын үкіметтік вице-министрлерді көрмедім. «Кешіріңіз, мен орысша жауап берейін», - деп те айтпайды. Еш ықпайды, солай болу керек сияқты. Үкіметтің, министрліктердің жиналысы қашан мемлекеттік тілде, Ата заңның 7 бабының 1 тармағына сәйкес өтеді? Заң қашан қазақ тілінде дайындалады? Қашан бір бірімізбен қазақ тілінде сөйлесеміз?», -  деді О.Асанғазы.

Сонымен қатар депутат жыл сайын бюджеттен қазақ тілін дамытуға миллиардтаған қаржы бөлінетіндігіне, ал соңғы 3 жылда ол қаражаттың қайда жұмсалғандығына есеп берілмегендігіне қынжылыс білдірді.

Мемлекеттік тілді дамыту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты назарында екендігін баса айтқан К.Мәсімов: «Қазіргі уақытта Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедке мемлекеттік тілді дамыту турасында нақты тапсырма берілді. Жалпы бұған дейін дайындалған мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасын тағы бір мәрте пысықтауымыз қажет. Осы жылы Мемлекеттік хатшы Құл-Мұхаммед мырза Елбасына есеп береді. Одан кейін біз Үкіметте осы мәселелерді тағы бір рет талқылаймыз. Содан кейін мен сізге нақты жауап беремін», - деді.

Соңғы жаңалықтар