Үкіметтің өткен жылғы бюджет туралы есебін мақұлдауға 12 депутат қарсы болды
Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін жария етті.
Осыдан кейін Үкімет мүшелері Мәжіліс депутаттары тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Қорытындысында аталған есепті мақұлдауға отырысқа қатысқан 94 депутат дауыс беруі тиіс еді. Дегенмен, 2 депутат дауыс берген жоқ.
Ал 73 депутат жақтап, 12 депутат қарсы болды және 7 депутат қалыс қалды.
«Бүгін жан-жақты талқылау болды. Өте маңызды ұсыныстар айтылды. Қатты да әңгімелер айтылды. Біз Үкіметтің есебін жыл сайын тыңдап келе жатырмыз. Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқаны туралы мақтанышпен баяндайды. Игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де жыл сайын өзгермейді. Өзгеретін - тек баяндамашылар және сұрақ қоятын адамдар. Енді біз бұл цифрларға Үкіметтің қалай жеткенін жақсы біліп отырмыз. Ол туралы бүгін айтылды. Бюджет 8 рет түзетудің және бір рет нақтылаудың арқасында қол жеткізді деген әңгіме бүгін айтылды. Бюджет осы бір жылда 1 трлн теңгеге түзетіліпті. Енді осындай тырнақшаның ішіндегі тамаша цифрдың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан он мыңдаған оқушы үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант бар. Мен тек бір салаға ғана қатысты айтып отырмын. Мұндай мысалды басқа да салалардан көптеп келтіруге болады», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Оның атап өтуінше, мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Бұл көрсеткіштер адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
«Үкімет мүшелері, депутаттар, осыны естен шығармауымыз, ұмытпауымыз керек», - деді Мәжіліс спикері.