ҰҚК халықаралық есірткі арнасын жойды: 30 кг гашиш тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресей және Өзбекстан арнайы қызметтерімен бірлесіп, Ауғанстаннан «Солтүстік бағдар» арқылы есірткі тасымалдау арнасының жолын кесті, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.

ҰҚК халықаралық есірткі арнасын жойды: 30 кг гашиш тәркіленді
Фото: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

Операция нәтижесінде Ресей Федерациясының Түмен қаласында халықаралық есірткі тобының екі мүшесі ұсталды.

Тінту барысында күдіктілерден қара нарықтағы құны шамамен 300 мың АҚШ долларын құрауы мүмкін 30 килограмм ауған гашиші тәркіленді.

-Аталған факті бойынша Ресейдің құзыретті органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Халықаралық есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Астанада Telegram арқылы есірткі сатқан топ мүшелері сотталғаны туралы жаздық.