Павлодарда есірткі зертханасынан 20 келіден аса «Мефедрон» тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM – Психотроптық заттарды дайындау кезінде Қазақстан азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі

Биыл 18 қаңтарда ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен және ІІМ-нің «Бүркіт» арнайы бөлімшесін қатыстырумен Павлодар қаласында есірткі зертханасын жою бойынша операцияны іске асырды.

— Психотроптық заттарды дайындау кезінде Қазақстан азаматын ұстап, соттың санкциясымен қамауға алды. Тінту барысында 20 келіден аса «Мефедрон» есірткі заты, сондай-ақ зертханалық жабдықтар мен 1,5 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленген. Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Павлодар облысында аса ірі көлемде есірткі тарату фактілері анықталған еді.