Үкім күшіне енді: Сұлтан Сарсемалиев апелляциялық шағым жазған жоқ
АТЫРАУ. KAZINFORM — Сұлтан Сарсемалиевті өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім күшіне енді. Ата-енесі мен әйелінің бауырларын өлтірген сотталушы апелляциялық шағым жазған жоқ. Бұл ақпаратты облыстық соттың баспасөз қызметі растады.
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесін өлтірген Сұлтан Сарсемалиев сот үкіміне апелляциялық шағым түсірмеген. Осылайша Сарсемалиевке тағайындалған жаза өзгеріссіз қалды. Алдағы уақытта ол оны өтеу үшін еліміздегі өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар отыратын түрмеге жіберіледі.
Сұлтан Сарсемалиев қайынағасын пышақтап өлтіргеннен кейін банк қосымшасы арқылы оның атынан 4 млн теңге көлемінде тауарлы несие рәсімдеген. Іске нүкте қойылған күні қылмыстық құқықбұзушылықты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар банк төрағасы мен облыс прокурорының назарына тиісті шаралар қабылдау туралы жекеше қаулы шығарылды.
Соттың осы іске қатысты шығарған жеке қаулысына қатысты бір ғана шағым түскен еді. Оны еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бірі берген. Әзірге бұл шағым облыстық сотқа түспеген. Сондықтан қашан қаралатыны белгісіз.
Судья үкімді түсіндіру кезінде банктің тарапынан жеке тұлғаның қатысуы немесе бейнерастау талап етілмегенін айтқан еді. Сот мұндай қылмысқа жол бермеу үшін банкке және прокурорға тауарлық несиені беру талабын қайта қарау керектігі туралы шешім қабылдады.
Алаяқтық дерегі белгілі болғаннан кейін банк қарызды есептен шығарған.
Бұған дейін Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шығарылды. Кейін ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, сәбилер үйіне барып, балаларымен кездескенін жазған едік.