Үкімет әлеуметтік масылдықпен күресті жалғастырады

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов еңбекке қабілетті әрбір азамат жұмыс істеп, мемлекетке масыл болмауы керектігін еске салды.

деньги
Фото: Kazinform

— Әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтық фактілері бар. Қазір бұл тұтас бір индустрияға айналған. Интернетті қарасаңыз, «мынадай жағдай бойынша мемлекеттен ең жоғары жәрдемақы алып беруге көмектесемін» деген жарнамалар жүр, — деді Олжас Бектенов Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Осы орайда Премьер-министр қазір әрбір жағдай жеке қаралып жатқанын айтып, жөнсіз әлеуметтік көмекке тосқауыл қойылатынын жеткізді.

— Әлеуметтік көмек тек өз-өзін қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға көрсетілуі керек, бұл басты қағида. Егер адам еңбекке қабілетті болса, ол жұмыс істеуі керек. Біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз, халыққа ашық айтып, осы саясатты алға жылжытуымыз қажет, — деп түсіндірді Үкімет басшысы.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерді неге ашық сынға алмайды деген сауалға жауап берді. 

Айта кетсек, бүгін Үкімет отырысында Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевты сынға алып, тапсырма берді. 

Соңғы жаңалықтар