Үкімет ана мен бала өлімін азайту шараларын талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 10:00-де Үкімет үйінде Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері 2 мәселені талқыға салады.

Үкімет «Қорқыт Ата» жаңа арнайы экономикалық аймағын ашты
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Нақтырақ айтқанда отырыстың күн тәртібіне мынадай 2 мәселе шығарылып отыр:

  1. Сауда саласын цифрлық трансформациялау барысы мен даму болашағы;
  2. Ана мен бала өлімін азайту бағытында қабылданып жатқан шаралар.

Бірінші мәселе бойынша Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев негізгі баяндама жасап, сауда саласын цифрландыру, оған енгізіліп жатқан жасанды интеллект шешімдер жайына тоқталады. Сондай-ақ министр «Ұлттық тауарлар каталогы» мен «Электрондық тауарлар каталогын» енгізу жұмыстарының қарқынына қатысты мәліметтермен бөліседі.

Мұнан бөлек, Арман Абайұлы тауарларды сертификаттау бойынша өткен жылы іске қосылған Техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіне (E-КТРМ) өзгерістер мен қорытындыларды ұсынады.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде ана мен бала өлім-жітімін төмендетуге бағытталған шаралар жайына тоқталады. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ана өлімі - 12, бала өлімі - 11, ал осы жылдың алты айында ана өлімі - 10, бала өлімі 26 пайызға төмендегенін айтады. Сонымен қатар министр ана мен бала өлімін төмендетуге бағытталған шараларға тоқталып, ерекше мән берілетін мәселелерді атайды.

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында:

- Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев,

- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун БАҚ өкілдері тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.

Айта кетейік, өткен аптада, 29 шілдеде өткен Үкімет отырысында еңбек нарығын дамыту және цифрландыру мәселесі талқыланған еді. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов орта мерзімді кезеңге кадрларға болжамды қажеттілік 3 миллион адамға жуық екенін айтты

- Біздің алдымызда 2029 жылға дейін 3,3 миллион азаматты жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 38 пайызы жастар (95,4 мың адам), — деді вице-министр.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан бизнес-процестерді автоматтандыруға байланысты 40-тан астам мамандық өзгеріске ұшырағанын, биыл 190 инвестициялық жобаны іске қосу барысында машина жасауда тағы 8 жаңа мамандық пайда болғанын атап өтті.

- Олардың қатарында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған жүйелердің операторы бар. Осылайша қол еңбегінің автоматтандырылған еңбек түрімен біртіндеп ауысуы байқалуда. Бұл қоғамдағы жұмысшы мамандықтар туралы түсінікті түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин зейнетақы рәсімдеу процесін цифрландыру бойынша пилоттық жоба нәтижелері туралы айтып берді

- Бүгінде пилоттық режимде принципті жаңа тәсіл енгізілді. Жасы бойынша скоринг негізінде жүйе зейнетақы ісін автоматты түрде қалыптастырады, еңбек өтілі туралы мәліметтерді тексереді және азамат тарапынан өтініш жасамай-ақ төлемдерді проактивті тағайындайды, — Қаныш Төлеушин.

Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов шетелдік және отандық инвесторлардың жаңа жұмыс орындарын құру бойынша міндеттемелерін орындау бағытындағы жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ инвестиция көлемінің ең кемі 30 пайызын құрайтын еңбекақы төлеу қорын қалыптастыру талабын сақтау қажеттігін атап өтті. Мұнан бөлек, жаңа жұмыс орындарына нақты уақыт режимінде толық әрі жүйелі түрде мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе қажеттігіне, аталған жүйе елімізде іске асырылып жатқан жобалар туралы барлық ақпаратты, соның ішінде біліктілік деңгейін, еңбек жағдайларын, жалақы мөлшерін және басқа да деректерді қадағалап отыруы тиістігіне назар аудартты. Осыған орай Үкімет басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдарға мынадай тапсырмалар берді:

  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту карталарында көзделген еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуі; 
  • өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақылауға алуы; 
  • Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін 2025-2027 жылдары іске асырылатын жобалар бойынша барлық деректерді мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде орналастыруды қамтамасыз етуі.
  • келесі жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізуі;
  • Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірыңғай цифрлық жүйені қалыптастыруы тиіс.

Үкімет отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында көрсетіледі. Ал баспасөз конференциясының тікелей таратылымы YouTube ресми арнасында және Facebook әлеуметтік желісінде жүреді.

Соңғы жаңалықтар