Үкімет ауыл шаруашылығында өңделген өнім шығаратын бизнесті қолдауды күшейтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын бизнесті қолдау құралдарын кеңейтуді тапсырды.
- Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты құрылымында әлі күнге дейін астық пен ет сияқты шикізат түрлері басым. Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударды. Сондықтан терең өңделген өнімдер шығаруға күш салу қажет. Қазірдің өзінде мұндай жобалар бар және олар тиімділігін көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын бизнесті қолдау құралдарын кеңейтуді тапсырамын, - деді О. Бектенов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктері айналым қаражатын несиелеу мерзімін екі жылға дейін ұзарту мәселесін шешуі тиіс.
- Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізуіміз керек. Жалпы, аталған шаралар шикізат экспортына тәуелділікті азайтады, ал өсуге ықпал ететін жаңа бағыттар тұрақты экономикалық дамуға негіз болады, - деді Үкімет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет азық-түлік секторында импортты алмастыруға болатын сегменттерді айқындады.