Үкімет балаларға арналған ойын автоматтарын реттемек

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет балаларға арналған ойын автоматтарын заңнамалық тұрғыда реттеуді жоспарлап отыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

хватайка
Фото: видеодан алынған кадр

- Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай (Канада, Аустралия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур) «Кран» сияқты автоматтар «ойын-сауық аппараттары» санатына кіреді және техникалық стандарттардың міндеттілігімен ерекшеленеді. Автоматтар үшін жүлденің құнына, оларды тіркеу тәртібіне қойылатын талаптар бар. Жасырын алгоритмдерді пайдалануға тыйым салынған және жосықсыз механизм үшін жауапкершілік көзделген. Біздің елде «Кран» («Хватай-ка», Crane Machine, Claw Machine, Grabber) сияқты ойын автоматтары азық-түлік дүкендерінде, сауда ойын-сауық орталықтарында, балалар ойын аймақтарында, саябақтарда және халық көп жиналатын орындарда көп орналастырылғаны рас, - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада ақшалай ұтыс көзделмеген ойын автоматтарының құқықтық мәртебесін, оларды орналастыру тәртібін, техникалық талаптарын, жас шектеулерін және бақылау тетіктерін нақты айқындайтын нормалар жеткіліксіз. Осыған байланысты қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдар ойын автоматтарының аталған санатын реттейтін заңнамалық түзетулер әзірлеп жатыр.

Олар мыналар:
- автоматтарды орналастыру орындары бойынша шектеу енгізу;
- автоматтар мен ондағы жүлделерді міндетті сертификаттау;
- ұтыс ықтималдығына әсер ететін жасырын механизмдерді пайдалануға тыйым салу;
- автоматтарды орналастыру мен пайдалануды реттейтін құзыретті органдарды анықтау;
- тұтынушыларға автоматтардың жұмыс принципі және жүлделердің құны туралы ақпарат беру жөніндегі міндет, сондай-ақ басқа да өзгерістер.

- Осы түзетулер балаларды және ата-аналарды тәуекелдерден қорғауға, ойын-сауық нарығының ашықтығын арттыруға, бизнес пен қоғам мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Үкімет депутаттар корпусымен бірге осы саланы реттеу бойынша жұмысты жалғастыратын болады, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін сенатор Ғалиасқар Сарыбаев соңғы уақытта «кран» түріндегі ойын автоматтарының күрт көбейіп жатқанына алаңдаушылық танытқан еді. 

Соңғы жаңалықтар