Үкімет басшысы биыл мол астық жинауға не ықпал еткенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов бизнеске қолайлы жағдай жасау бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар жайында айтып берді.
«Кәсіпкерлікті қолдау іс-шаралары жетілдіріліп жатыр. Былтырдан бері енгізілген «бәрін басынан бастап реттеу» қағидасына сәйкес, бизнеске қатысты 10 мыңнан астам талап жойылды. Олар жаңа реттеу саясатының базалық талаптарына сәйкес келмеді. Осы тектес жұмыс өңірлік деңгейде де іске асырылып жатыр», - деді О. Бектенов елордадағы «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» форумында.
Бұл тұрғыда ол кәсіпкерлер алдындағы кедергілер әлі де бар екенін, сондықтан бизнес жұмысын оңтайлы етуге арналған іс-шаралар жалғасатынын атап өтті.
«Қазір шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 37 пайызға жуық. 4 млн-нан астам қазақстандық бизнес саласында қызмет етіп жүр. Тек өткен жарты жылда ШОБ субъектілері 34 трлн теңгенің өнімін шығарды, яғни өсім 20 пайызға жуық болды», - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі арқасында агроөнеркәсіп кешені саласында елеулі өсім болды. Биыл көктемде егін егу мен күзгі егін орағы науқанына жеңілдетілген несие беру 2,5 есеге артып, 580 млрд теңгені құрады. Осының арқасында тыңайтқыштар көлемі артып, тұқым сапасы жақсарып, техника паркі жаңартылып, зиянкестермен күрес жұмыстары күшейтілді.
«Мұның нәтижесінде Қазақстан 26 млн тоннадан астам астық жинады. Бұл өз кезегінде кейінгі 10 жылдағы үздік нәтиже. Орта есеппен гектарынан шамамен 16 центнерден өнім алынды. Кейбір алқаптардан диқандар 40-50 центнерден өнім жинады. Осындай жұмыстарды шағын және орта бизнес саласында да жүргізу қажет. Мемлекеттік қолдау бизнестің де тиісті міндеттерді орындауын талап етеді. Осы орайда ішкі нарықты сапалы әрі қымбат емес өніммен қамтамасыз ету міндеті бар. Сондай-ақ өңдеу деңгейін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және экспорт бағытында бизнесті кезең-кезеңімен ірілендіру жұмыстарына назар аударуы керек», - деді Премьер-Министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, форум барысында Премьер-Министр елге жанашырлық танытқан кәсіпкерлерге алғыс айтты.
Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов биыл 26,6 млн тонна астық жиналғанын атап өтті.