Үкімет басшысы машина жасау өндірісін локализациялауды арттыратын келісімдер әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Машина жасау өндірісін локализациялауды кезең-кезеңмен арттыруға бағытталған үлгілік келісімдерді әзірлеу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. 

Үкімет басшысы машина жасау өндірісін локализациялауды арттыратын келісімдер әзірлеуді тапсырды
Фото: Үкімет

— Бизнес мемлекетаралық өткізу бекеттерінде жүктердің тұрып қалу проблемасымен кезігіп отыр. Көлік, Қаржы министрліктері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, шекарада жедел әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде шаралар қабылдауы қажет, — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының дерегінше, 2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мыңнан асады. Бұл тозығы жеткен вагондарға қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді.

— Алайда жеке тасымалдаушылар өз вагондарын жаңартуда қиындықтарға тап болып отыр. Осы мақсатта Көлік министрлігі жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын әзірлеуі тиіс. Бұл жалпы жолаушылар және жүк тасымалының сапасына оң әсер етеді, — деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Олжас Бектенов Өнеркәсіп және Көлік министрліктеріне кәсіпорындарды ұзақмерзімді келісімшарттармен қамтамасыз ете отырып, машина жасау өндірісін локализациялауды кезең-кезеңмен арттыруға бағытталған үлгілік келісімдерді әзірлеуді тапсырды.

Айта кетейік Олжас Бектенов темір жол жобаларын уақытылы пайдалануға беру қажеттігін ескертті. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын теміржолға да енгізу керектігін айтты.

Соңғы жаңалықтар