Үкімет басшысы мен оның орынбасарлары су басқан өңірлерде жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір Премьер-Министр Олжас Бектенов және вице-премьерлер су тасқынан зардап шеккен өңірлерді аралап жүр.

Үкімет ғимараты
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

«Премьер-Министрдің басшылығымен республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі халыққа үндеуінде. 

Президенттің айтуынша, су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурс тартылды. 

«Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы», - дейді Мемлекет басшысы. 

Бүгін Мемлекет басшысы елдегі су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты халыққа үндеу жолдады.