Үкімет «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы – зор жетістік. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты.
— Мен жариялаған міндеттер Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды. Олар елімізді цифрлық жаңғырту ісімен тығыз сабақтасып жатыр. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс. Әрине, елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы — зор жетістік. Бірақ мұны Үкімет те, бүкіл қоғам да Қазақстанды, шын мәнінде, цифрлық мемлекетке айналдыратын жан-жақты және қарқынды жұмыстың бастауы ретінде қабылдауға тиіс. Осы міндетті тиімді орындау үшін Үкімет цифрландыру ісі мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзіне қарағанда, онда бастамалар мен жобалардың бәрі жалпыұлттық стратегия аясында біріктірілетін болады.
— Түптеп келгенде, еліміздің түбегейлі цифрлық жаңғыруын халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын жол дей аламыз, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Жолдаудың онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында жүріп жатыр.
Kazinform сайты тікелей эфирмен қатар, жазбаша трансляция да жасайды.
Сондай-ақ Жолдау мәтінін агенттіктің телеграм арнасынан оқуға болады.