Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
 
                                              — Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек. Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысып жатыр. Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұны ел ішінде жаппай қолдау тапқан жасампаз құндылықтардың жарқын көрінісі, халқымыздың игі істерге деген ұмтылысы деп түсіну керектігін атап өтті.
— Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіремін. Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру — өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жоғары технологияға 1 млрд доллар инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты.
Айта кетейік, Жолдаудың онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында жүріп жатыр.
Kazinform сайты тікелей эфирмен қатар, жазбаша трансляция да жасайды.
Сондай-ақ Жолдау мәтінін агенттіктің телеграм арнасынан оқуға болады.