Үкімет еңбек қауіпсіздігін пысықтап, туристерге жағдай жасау шараларын талқыға салады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 10:00-де Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері өндірістегі қауіпсіздік мәселесін талқыға салып, елімізге келетін туристерге қолайлы жағдай жасау шараларын қарастырады.

Үкімет еңбек қауіпсіздігін пысықтап, туристерге жағдай жасау шараларын талқыға салады
Коллаж: Kazinform

Сонымен Үкімет отырысының күн тәртібіне мына мәселелер шығарылып отыр:

  • өндірісте қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек саласын толық цифрландыру;
  • Қазақстанға келетін туристерге қолайлы жағдайлар жасау.

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына:

  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай;
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин қатысады.

Олар БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сауалдарға жан-жақты жауап береді.

Қазақстандағы өндірістік жарақаттану деңгейі 4,5%-ға азайған
Фото: Gov.kz

Айта кетейік, елімізде өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге бағытталған жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,3 пайызға, бұрынғыға қарағанда қаза тапқандар саны 2,9 пайызға азайды. Жыл сайын кәсіпорындарда 1 400-ден астам жазатайым оқиға тіркеледі. Оның 200-ге жуығы адам шығынымен аяқталады. Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 15,3, құрылыс саласында – 12 пайыз.

Елімізде 470 мыңнан астам жұмыскер зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. 2024 жылы аттестаттау нәтижелері бойынша 679 мың жұмыскер еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істегені үшін түрлі өтемақы алды. Бұл мақсаттарға жұмыс берушілер 297,4 млрд теңге бөлді, бұл - 2023 жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көп.

Қазақстанда 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Ол еңбекті қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыруда жаңа тәсілдерді қолдануды, жұмыскерлердің жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесіне қатысуын жандандыруды, оқыту сапасын арттыру мен еңбекті қорғау жөніндегі білімді тексеру есебінен еңбек жағдайларын жақсартуды және өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуді көздейді. Тұжырымдаманы іске асыру аясында Кәсіпорындардың цифрлық картасы және Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы іске қосылды. Бұл нақты уақыт режимінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіпорындардағы еңбек қатынастарына байланысты тәуекелдерді бақылауға және алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

туристер
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Ал туризм саласына келер болсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны - 10,5 млн адам. Бұл - 2023 жылмен салыстырғанда 900 мың адамға артық. Жалпы, Туризм және спорт министрлігінің деректері бойынша елімізге 15 млн астам шетелдік қонақ келді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша туризм саласында ірі инвестициялық жобалар қолға алынды:

  • Алматы қаласы мен Алматы облысында тау кластерін дамыту жұмыстары белсенді жүріп жатыр;
  • Шығыс Қазақстан – тау шаңғысы мен табиғи туризмді дамытуға қолайлы өңір;
  • Щучинск-Бурабай курорттық аймағында жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар құруға, экологиялық және спорттық туризмді дамытуға мүмкіндік беретін ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр;
  • Ақтау маңындағы «Жылы жағажай» аумағында бес жұлдызды қонақ үй мен тақырыптық ойын-сауық паркін салу жобалары іске асырылды. Аталған өңірдегі Кендірлі курорттық аймағында әуежай салынып, туризмді дамытуға тың серпін беріледі;
  • фермерлерге агротуризммен айналысуға құқық беру үшін тиісті жұмыстар жүріп жатыр;
  • өткен жылы Ұлы Жібек жолының бойымен өтетін «Жібек жолы» туристік пойызы іске қосылды;
  • 125 теміржол вокзалын ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды;
  • Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында әуежайлардың жаңа терминалдары салынды;
  • көші-қон рәсімдерін оңайлату шаралары қолға алынды. Мәселен шекара бекеттерінде ұйымдасқан туристік топтарды кезексіз өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл шара паспорттық бақылаудан өту уақытын 5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді.

Үкімет отырысы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында тікелей көрсетіледі. Баспасөз конференциясын YouTube ресми арнасы және Facebook әлеуметтік желісі арқылы тікелей көруге болады.

Айта кетейік, 3 маусымда өткен Үкімет отырысында отандық өндірісті дамыту мен қолдау шаралары талқыланған еді. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша негізгі баяндаманы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жасап, қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі қайта жасалатынын мәлім етті. 

- Биылғы заңнамадағы жаңалықтардың бірі — қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру. Бұл — өндірушілер мен олардың өнімдері туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік цифрлық жүйе. Тізілімді енгізу жинақталған мәліметтер негізінде «жалған өндірушілерді» анықтауға, ашықтықты арттыруға, жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді, — деді ол.

Ерсайын Нагаспаев
Фото: Үкімет

Министрдің айтуынша, бұл тізілімге өндірушілерді енгізу механизмі мынадай төрт кезеңде жүргізіледі:

  • біріншіден, ақпараттық жүйе арқылы өтінім беріліп, деректерді өңдеуге рұқсат беру электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады;
  • екіншіден, мемлекеттік деректер базасымен цифрлық тексеру арқылы ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы тексеріледі;
  • үшіншіден, технологиялық операциялардың орындалуы бағаланады, қажет болған жағдайда өндірістік алаңға барып бағалау жүргізіледі;
  • төртіншіден, тізілімдегі отандық тауар өндірушілерге тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп отырады.

Сондай-ақ ол биыл «Самұрық-Қазына» электрондық платформасында 143 млрд теңге болатын 340 келісімшарт жасалғанын атап өтті. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе жоғары. Ірі кәсіпорындар жергілікті өнеркәсіптерге ұзақ мерзімді тапсырыстар беру арқылы, олардың тұрақты жұмыс істеуіне жол ашады. Жыл басынан жасалған ұзақ мерзімді келісімшарт соммасы 1,8 есе артып, 61 млрд теңге болды. Мемлекет 8 өңірде құрылып жатқан шағын өнеркәсіп алаңдарына 46 млрд теңге бөліп отыр.

Энергетика министрі
Фото: Үкімет

Ал Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан үш мұнай алпауытын тапсырыстағы елішілік құндылық үлесін арттыруға міндеттейтіндігін айтты. Нақтырақ айтқанда:

  • тауарлар бойынша Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг бойынша елішілік құндылықты 2025 жылғы 18%-дан 2029 жылы 30%-ға дейін;
  • NCOC бойынша 2025 жылғы 17%-дан 2029 жылға қарай 28%-ға дейін ұлғайту көзделген.
  • дәл осындай жұмыс «Теңізшевройл» ЖШС-мен де жүргізіліп жатыр.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл биыл 5 айдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері және отандық тауар өндірушілермен 5 трлн теңгеге 845 000 шарт жасалғанын мәлім етті

- Бүгінде 4 834 тауарлар, жұмыс пен қызмет атауын көздейтін ұлттық режимнен алуды белгілейтін 6 Үкімет қаулысы қолданыста. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша 5 трлн теңгеге 845 000 шарт жасалды. Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 534 000 шарт, отандық тауар өндірушілермен 96 154 шарт жасалған. Өткен жылы осы кезеңде 2,4 трлн теңгеге 660 000 шарт жасалған еді, - деді Дәурен Кеңбейіл.

Жиын барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы экономика өсімінің негізі ретінде отандық өндірісті дамытудың маңыздылығына үнемі ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті. Үкімет қазақстандық тауар өндірушілер бәсекеге қабілетті болуы үшін олардың өндірістік жүктемесін арттыруға бағытталған елшілік құндылықтарды дамыту тетіктерін іске қосуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылдан бастап өңдеуші сектор өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласын басып озғанын атап көрсетуге болады. Осы қарқынды үдете түсу қажет.

- Жаңадан өтініш берушілер қарапайым өтініштің және автоматты цифрлық тексеру негізінде ешқандай бюрократиясыз қосыла алады. Сарапшыларды шақыру мен басы артық тексерулерден өтудің және көп қағаз толтырудың қажеті болмайды. Барлығы цифрлық режимде, адамның қатысуынсыз жүргізіледі. Осыны баса айтқым келеді. Бұл сапалы бақылауды қамтамасыз етіп, міндетін адал атқармайтын тауар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тізілім нақты отандық өндірушіні анықтау тетігіне айналады, - деді Үкімет басшысы.

Премьер
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр мынадай нақты тапсырмалар жүктеді

  • Қаржы министрлігі Цифрлық даму және Өнеркәсіп министрліктерімен бірлесіп, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің автоматтандырылған жүйесін іске қосуды қамтамасыз етуі тиіс. 1 тамызға дейін барлық мүдделі мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор сатып алуды реттейтін заңға тәуелді актілерді сәйкестендіруі қажет;
  • Өнеркәсіп министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін, соның ішінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылым салуды қаржыландыру жөнінде шаралар қабылдауы керек;
  • Өнеркәсіп министрлігі озық технологиялық шешімдерді пайдалану арқылы импорт алмастыратын өндірістердің өсуін қамтамасыз ету үшін отандық кәсіпорындар арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөнінде нақты шаралар әзірлеуі тиіс.
Соңғы жаңалықтар