Үкімет инфляцияны тежеу бойынша кешенді іс-шаралар әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет инфляцияны тежеу бойынша кешенді іс-шаралар әзірледі. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Қазақстанның халықаралық резервтері 104,7 млрд долларға жетті – Тимур Сүлейменов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Мемлекет басшысы инфляцияны тежеу бойынша кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырған еді. Бұл тапсырма Үкімет пен Ұлттық банкке берілді. Базалық құжат дайын. Таяу уақытта оны Үкіметтің ішінде қарастырамыз деп үміттенемін. Содан кейін жария етіледі. Бұл барынша маңызды мәселе. Біз инфляцияны төмендету мәселесін шешу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз, — деді Тимур Сүлейменов депутаттардың сауалына орай.

Оның атап өтуінше, Ресей — Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Бұл елден келетін импорттың көлемі 30 пайыздан асады. 

— Азық-түліктің 45 пайызын Ресейден импорттап отырмыз. Сондықтан ол жақтың экономикасына, баға параметрлеріне қарамасақ болмайды. Ал ол жақта не болып жатыр? Инфляциясы шамамен 10 пайыз. Бұған қоса рубль бағасы жыл басынан бері долларға, еуро мен теңгеге қарсы 30 пайыз шамасында күшейді. Демек, тауар бағасы қымбаттай түсті, — деді ол.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар