Үкімет қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлейді
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлейді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

– Үкімет қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде шешім қабылдады. Оны әзірлеу кезінде қалдықтардың барлық түрлері айналымның толық циклі, сондай-ақ Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру тетігін жетілдіруді көздейтін озық халықаралық тәжірибе ескерілетін болады. Бүгінгі таңда тұжырымдаманы әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылуда, - деді Үкімет басшысы жауабында.
Таяуда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде не себепті қоқысты өңдеу жобаларының жүзеге асуы баяу жүріп жатқанын түсіндірген еді.
– Былтыр 94 жобаны қолға алғанбыз. Соның тең жартысына жуығы орта жолда тыс қалды. Оның бірден-бір себебі компаниялардың өздері инвестжобаларын дұрыс жасай алмауы, экономикасын есептеп бере алмауы болды. Екіншіден, көптеген компания техника аламыз деген болатын. Жобалар утильтөлемнің ақшасына іске асырылатын болғасын, біздің басты талап – өзіміздің жергілікті автоөнеркәсіптің техникасын алу. Кейін олар Қытайдан арзан таптық деген секілді ұсыныстар айтты. Бірақ біздің шартымыз өзгермеді, - деген еді ол Үкімет отырысында.