Үкімет келесі жылы қандай заң жобаларын әзірлейді
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет келесі жылы 12 заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.
2026 жылға арналған заң жобалары жоспарының жобасы мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша дайындалып, осы жылғы 31 қазанда Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда мақұлданды. Жоба 12 заң жобасын әзірлеуді көздейді. Оның үшеуі Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындайды, — деді ол.
Министрдің дерегінше, Президент тапсырмасына сәйкес, мынадай заң жобалары әзірленеді:
— «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
— «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әзірленген түзетулер.
— Жоғарыда көрсетілген заң жобаларынан басқа, жоспармен Парламентке «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы», «Тұрғынжайды табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы», «Жұмылдыру туралы» және оған ілеспе заң жобалары, жыл сайынғы «2027 — 2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», сондай-ақ еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері, міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша дербес заң жобаларын енгізу көзделген. Жалпы Парламентке бірінші жартыжылдықта 5 заң жобасын, екінші жартыжылдықта 7 заң жобасын енгізу жоспарлануда, — деді Ерлан Сәрсембаев.
Осыған дейін бүгін Үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев өтіп бара жатқан жыл ішіндегі заң жобалау жоспарының қорытындысын шығарды.