Үкімет көгілдір отын мәселесін қозғап, мәдени мұраларымызды ұлықтау жайын қарастырмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 9:00-де Үкіметтің кезекті отырысы өтеді. Онда Үкімет мүшелері 2 мәселені талқыға салуды көздеп отыр. 

Үкімет көгілдір отын мәселесін қозғап, мәдени мұраларымызды ұлықтау жайын қарастырмақ
Фото: ҚР Үкіметі

Нақтырақ айтқанда, Үкімет отырысының күн тәртібіне мына мәселелер шығарылады:

– газ саласын дамыту мен цифрландыру мәселелері;

– ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету шаралары.

Аталған мәселелер бойынша Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндама жасайды.

Энергетика министрі баяндамасында 2024 жылы өндірілген газ көлемі, 2025 жылға арналған жоспар және газ қорын ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталады. Сонымен қатар цифрландыру аясында әлеуметтік осал топтарға арналған газ ваучерлерінің пилоттық жобасын еліміз бойынша кеңейту жоспары барын жеткізеді.

Министр ірі инфрақұрылымдық жобалар мен газ есептеу жүйелерін цифрландыру барысын да атап өтеді. Салада цифрлық шешімдер де енгізіліп жатыр – газды есепке алу жүйесі мен сұйытылған газды автоматты бөлу тетігі іске қосылған. Сондай-ақ газды үнемді пайдалану мен есептілікті арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер ұсынылған.

Бұған дейінгі мәліметтерге сәйкес, өткен жылы еліміз 59 млрд текше метр көгілдір отын өндірген еді. Ал биыл газ өндіру көлемін 62,8 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланған. Оған Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған сияқты ірі кен орындарының тұрақты жұмысы мен Рожковское, Анабай және Өріктау сияқты жаңа кен орындарының іске қосылуы ықпал етпек. Газға сұраныстың артуын қанағаттандыру үшін Қашаған мен Жаңаөзен қалаларында жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жамбыл облысында жаңа «Барханная» кен орны пайдалануға беріледі. Елді газдандыру бағдарламасын іске асыру жалғасып жатыр. 2024 жылы Қазақстан халқының 61,8 пайызы газға қол жеткізді. 2025 жылы газ тарату желісін одан әрі кеңейту жоспарланған. Бірқатар ірі газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын. 2024 жылы Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарында газ құбырларының жаңа учаскелері пайдалануға берілді.

Мәдениет және ақпарат министрі Үкімет отырысында еліміздің тарихи-мәдени мұрасын заманға сай жаңғырту жөнінде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндайды. Мәдени және құжаттық мұраны сақтау мен дамыту мәселелеріне тоқталады. Сондай-ақ тарихи ескерткіштердің қазіргі жағдайы мен оны сақтау жолындағы туындаған өзекті мәселелерді шешу жолдары туралы айтады.

Бүгінде Дүниежүзілік мұра тізіміне Қазақстанның 6 табиғи және мәдени мұра нысаны кіреді: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы петроглифтері, Сарыарқа: Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері, Жібек жолының Чаннан-Тянь-Шань дәлізінің тораптар желісі, Батыс Тянь-Шань және Қоңыржай белдеудегі Тұран шөлдері. Мұнан бөлек, Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу үшін жаңа ұсынымдарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Оның ішінде Маңғыстау өңірі мұрасының нысандары мен Жібек жолының Ферғана – Сырдария дәлізі бар. Сонымен қатар ЮНЕСКО жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитет 2014 жылғы 26 қарашада Париждегі 9-шы сессиясында Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне домбырамен күй орындау өнерін енгізген болатын.

2025 жылдың 18 сәуірінде ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің 221-ші сессиясында «Хандар шежіресі» қолжазбасы «Әлем жады» халықаралық тізіміне енгізілді. «Ғылым ордасы» кітапханасының қорындағы қолжазбаны XVIII ғасырда белгісіз автор түркі шағатай тілінде жазған. Қолжазбада Құранда аталған пайғамбарлардың және мемлекет билеушілерінің шежірелері, олардың өмірбаяндары, Қазақ даласының, Орталық Азия мен Таяу Шығыстың тарихи оқиғалары мен географиясы сипатталады. «Хандар шежіресі» – қазақтар және көршілес халықтардың тарихы мен тіліне зерттеу жүргізетін ғалымдар үшін құнды дерек көзі саналатын маңызды мәдени мұра.

Отырыс біткеннен кейін баспасөз мәслихаты өткізіледі. Онда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.

Үкімет отырысының тікелей таратылымын PrimeMinister.kz сайтынан, YouTube ресми арнасынан, Facebook әлеуметтік желісінен, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналынан көруге болады.

Баспасөз конференциясының тікелей таратылымы YouTube ресми арнасы мен Facebook әлеуметтік желісінен көрсетіледі.

Айта кетейік, өткен аптадағы Үкімет отырысында 2025 жылғы су тасқыны жағдайы мен өртке қарсы маусымға дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралған еді. Сол кезде Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқыны кезеңіндегі атқарылуы тиіс шараларға байланысты тиісті ведомстволарға 5 бағыт бойынша тапсырма беріп, Ақмола облысындағы қауіпті кезеңде жағдайды бақылауынан шығарып алған екі ауданның әкімін сынаған еді. 

Ал екінші қаралған мәселе бойынша Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігіне мамыр айының соңына дейін табиғи өртке қарсы республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу өткізуді тапсырды. Сонымен қатар ол Павлодар және Абай облысында болған табиғи өрт кезінде мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі сақталмағанын сынға алып, бұл келеңсіздікке жауаптыларды тез арада анықтап, тиісті шара қолдануды тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар