Үкімет мал шаруашылығын цифрландыру мәселесін талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін сағат 10:00–де Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинеті мал шаруашылығын, ветеринариялық бақылауды және саланы цифрландыруды дамыту мәселесі талқыға салады.

Үкімет мал шаруашылығын цифрландыру мәселесін талқылайды
Фото: Pixabay.com

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына:

• Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров;
• Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин;
• Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысады.

Олар БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сауалдарға жан-жақты жауап береді.

Үкімет отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында жүреді.
Баспасөз конференциясының тікелей таратылымы YouTube ресми арнасында және Facebook әлеуметтік желісінде көрсетіледі.

Айта кетейік, 1 шілдеде өткен Үкімет отырысындасу шаруашылығына қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі қаралған еді.

Сол кезде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбыры нысандарын салу және қайта жаңарту бойынша 31 жоба іске асырылып жатқанын айтты.

— Аталған 31 жобаны толық іске асыру нәтижесінде 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры салынады және бұл 1,3 млн халық тұратын 468 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартады. Сонымен қатар 53 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі алғаш рет қосылатын болады. Бұл жобаларды іске асыру үшін биыл 101 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 38,2 млрд теңге — Ұлттық қордан, 53,9 млрд теңге — арнайы мемлекеттік қордан. 3,4 млрд теңге республикалық бюджеттен бағытталған, — деді ол.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев «Коммуналдық және энергетика секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 45 қалада кәріз тазарту құрылғысы жаңғыртылып, 2800 шақырым су бұру және 5 мың шақырым су құбыры желісі жаңартылатынын айтты. 

— Сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікті басшылыққа ала отырып, кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары ең алдымен елді мекендерде жүргізіледі. Қазір тазарту нысандарын жобалау, салу және пайдалану тәсілдері қайта қаралып, жобаларға ревизия жүргізіліп жатыр. Олардың тиімділігін арттыру үшін техникалық оператор институты енгізілді. Техникалық оператор жобалардың барлық кезеңін қадағалап, қазақстандық өнімді қолдану талаптарын ескереді. Бұл шаралар жобадағы қателіктерді азайтып, шығынның артуы мен мерзімнің кешігуіне жол бермейді, — деп толықтырды ведомство басшысы.

Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-Министр орталық және жергілікті атқарушы органдарға:

— «Самұрық-Қазына» қоры мен Маңғыстау облысының әкімдігіне 15 шілдеге дейін Кендірлі зауытын іске қосу жұмыстарын аяқтап, Жаңаөзен қаласына су беруді қамтамасыз етуді;

— Қаржы және Өнеркәсіп министрліктеріне Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп, осы жылдың 1 тамызына дейін Жезқазған қаласының су тазарту қондырғысына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша қаржыландыру туралы шешім қабылдауды;

— Өнеркәсіп және Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктеріне кешігіп жатқан жобаларды толық аяқтау үшін түбегейлі шаралар қабылдауды; — Сумен жабдықтау жүйелерін дамытумен қатар үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын басқаруды цифрландыру жұмысын күшейтуді;

— Сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендетуді;

— Климаттың өзгеруі, суды тұтыну көлемінің артуы және су ресурстарының тапшылығы жағдайында заманауи тәсілдер мен үнемдеу технологияларын пайдалану;

— Топтық су құбырларын дамытуды елді мекендерді дамыту жоспарларымен үйлестіре отырып жүргізуді;

— Су ресурстары министрлігі мен Ақмола облысының әкімдігіне елорда маңындағы ауылдарды бір орталықтан берілетін сумен жабдықтауды неғұрлым қысқа мерзімде аяқтауды;

— Өңір әкімдіктеріне жыл соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы барлық жобаны іске қосуды қамтамасыз етуді;

— Қаржы министрлігіне бекітілген қаражатты жергілікті атқарушы органдарға жедел тәртіппен аударуды;

— Өнеркәсіп министрлігіне желілерді жаңғырту кезінде қолданыстағы кәріз тазарту құрылыстарының өнімділігін ұлғайтуға және ағынды суларды тазарту сапасын арттыруға баса назар аударуды;

— Өнеркәсіп министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке қарай энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялық бағдарламаларды әзірлеуді;

— Су ресурстары министрлігіне осы жылдың соңына дейін топтық су құбырларын салу және жаңғырту жобаларын аяқтауды;

— Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2026 жылы топтық су құбырларын бірыңғай кешендер ретінде әкімдіктердің балансына беруді қамтамасыз етуді;

— Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүлікті республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді;

— Су ресурстары министрлігіне Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, су объектілерінің цифрлық паспорттары мен интеллектуалдық су кадастрын енгізу мәселесін пысықтауды;

— Ұлттық экономика министрлігіне Қаржы министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, Ұлттық жоба аясында көзделген инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

— Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету — өте маңызды міндеттердің бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті қаражат Республикалық бюджетте көзделген. Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы аясында сумен жабдықтау бойынша 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Тұрғындардың өмір сапасы таза ауыз суға тікелей тәуелді. Сондықтан елді мекендерді сумен қамтамасыз ету — Үкіметтің басым міндеттерінің бірі, — деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар