Үкімет Мемлекеттік алимент қорын құру ұсынысын қолдамайды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік алимент қорын құру некені жасанды түрде бұзуды арттырады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«Кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғау, алимент өндіріп алуды мәселесін қоса алғанда оларды лайықты қамтамасыз ету Үкіметтің бақылауында тұр. Мұның үстіне Конституциямен және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекспен балаларға қамқорлық жасау және оларға тәлім-тәрбие беру ата-аналардың нағыз құқығы және міндеті саналатындығы бекітілген. Бұған қоса, қор құру және оның қаражаты есебінен алимент төлеу борышкерлер санының артуына алып келуі ықтимал. Өйткені, олар кез келген жағдайда мемлекет балаларын асырайтындығына сенімді болады. сондай-ақ некенің жасанды түрде бұзылуына алғышарт жасайды», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, АҚШ, Ұлыбритания, Испания, Бахрейн корольдігі, Польша, Франция, Германия, Финляндия сынды елдердің тәжірибесіне жүргізілген сараптама мұндай құрылымның құрылуы қосымша қаржы қаражатын, оның ішінде мемлекеттік бюджеттен де бөлуді талап ететіндігін көрсеткен.
«Бюджеттік кодекстің 11-бабы 2-тармағына сәйкес, салықтық емес түсімдер кірістің жалпы түсіміне ықпал ететін бюджеттің құрамдас бөлігі саналады. Соған орай салықтық емес түсімдерді аудару арқылы қор құру республикалық бюджеттік кіріс бөлігінің қысқаруына алып келуі мүмкін. Жоғарыда айтылғанның негізінде қор құру туралы ұсыныс қолдау таппайды», - деді Олжас Бектенов.
Осыған дейін Қазақстанда алиментке қатысты жаңа заң жобасы әзірленетіні туралы хабарланды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Сенатқа тиісті ұсыныспен жүгінген.
Уәкілдің айтуынша, алимент ең аз дегенде төменгі күнкөріс деңгейімен шамалас, яғни 43 мың теңге болуы қажет. Сонымен қатар, сот орындаушыларына борышкердің банк есепшоттары туралы мәліметтерді сұрауға мүмкіндік беруді және алимент төлеушілердің жұмыс орындарына жалақы мөлшерін хабарлауды міндеттеу көзделіп отыр.
/