Үкімет мүшелері мен ұлттық компания басшылары қандай жағдайда Құрылтайға шақырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ жекелеген министрлер мен квазимемлекеттік сектор басшыларының депутаттар алдында есеп беру тәртібін түсіндірді.

Құрылтай
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Құрылтайдың жалпы отырысынан кейін журналистер депутаттан: «Жекелеген министрлер мен «Самұрық-Қазына» секілді квазимемлекеттік компаниялардың басшылары Құрылтай депутаттарының алдында есеп бере ме? Егер есеп беретін болса, қаншалықты жиі?» деп сұрады.

Үнзила Шапақтың айтуынша, Үкімет жұмысына қатысты мәселелер қаралған кезде, жекелеген министрлер, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор компанияларының жетекшілері Құрылтайға шақырылуы мүмкін.

Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата жылына екі рет баяндама жасайды. Оның бірі жылдық бюджеттің атқарылуына арналса, екіншісі жекелеген тақырыптар бойынша жүргізілген аудит қорытындыларына қатысты болады. Мұндай баяндамаларда квазимемлекеттік сектордың нәтижелігі, ұлттық компаниялардың қызметі мен мемлекеттің қатысуымен жүзеге асырылатын іс-шаралардың тиімділігі қаралуы мүмкін.

- Осындай жағдайда квазимемлекеттік сектор мен тиісті компаниялардың басшылары келеді. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы да шақырылуы мүмкін, – деді депутат.

Мұнымен қоса, конституциялық заңдар деңгейінде Үкіметтің жекелеген мүшесінің қызметі туралы есепті тыңдау мүмкіндігі қарастырылған. Оның қорытындысы бойынша конституциялық жауапкершілік мәселесі де көтерілуі ықтимал.

Депутаттың сөзінше, осы рәсімдер аясында ұлттық компаниялардың басшылары Құрылтайға келіп, депутаттардың сұрақтарына жауап бере алады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Д. Еспаева депутаттардың сауалы бойынша Құрылтай басшылығы ешқандай шектеу қоймайтынын айтты.